Құрылтай сайлауы – ел болашағын айқындайтын маңызды саяси таңдау
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстанда алғаш рет жаңа бір палаталы заң шығарушы орган – Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды кезеңдердің бірі. Құрылтай құрамына партиялық тізімдер бойынша 145 депутат сайланады.

Құрылтай сайлауы азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуына, өз таңдауын жасауына және мемлекеттің алдағы даму бағытына ықпал етуіне мүмкіндік береді. Сондықтан әрбір сайлаушының сайлауалды бағдарламалармен танысып, кандидаттар мен саяси партиялардың ұстанымдарына назар аударуы маңызды.
Сайлауға жеті партия қатысады
Орталық сайлау комиссиясының шешіміне сәйкес, 23 тамыздағы Құрылтай сайлауына Қазақстанда тіркелген жеті саяси партия қатысады. Олар:
* «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
* «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
* «Әділет» саяси партиясы;
* «Байтақ» Қазақстан жасылдар партиясы;
* Қазақстан Халық партиясы;
* «Respublica» партиясы;
* Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.
Әр партия өзінің сайлауалды бағдарламасын ұсынып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру, ауыл шаруашылығы, экология, кәсіпкерлікті қолдау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және басқа да маңызды мәселелер бойынша өз ұстанымдарын таныстыруда.
Сайлаушыларға не маңызды?
Сайлауалды кезеңде партия өкілдері халықпен кездесіп, өз бағдарламаларын түсіндіруде. Сонымен қатар партиялар арасындағы пікірталастар мен телевизиялық дебаттар ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, тамыз айында өткен теледебаттар барысында жеті партияның өкілдері өз бағдарламаларын таныстырып, түрлі қоғамдық мәселелер бойынша пікір алмасты.
Бұл – сайлаушылар үшін партиялардың нақты ұсыныстарын салыстырып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік беретін маңызды алаң.
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін сайлау алдындағы «тыныштық күні» басталады.
Азаматтық жауапкершілік – әр сайлаушыдан
Сайлау – тек саяси партиялар мен кандидаттардың ғана емес, әрбір азаматтың ортақ ісі. Дауыс беру арқылы азаматтар өз пікірін білдіріп, елдің болашағына қатысты шешім қабылдау үдерісіне қатысады.
Сондықтан сайлаушыларды партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып, ақпаратты ресми және сенімді дереккөздерден алып, өз таңдауын жауапкершілікпен жасауға шақырамыз.
23 тамыз – өз таңдауыңызды жасайтын күн. Өз дауысыңызға бейжай қарамаңыз!
Құрылтай сайлауы – ел болашағына ортақ жауапкершілікті сезінудің және азаматтық белсенділікті көрсетудің маңызды мүмкіндігі.

