Жас мемлекеттік қызметшілер белгілі қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен кездесті
Мемлекеттік қызмет жүйесінде қызмет атқарып жүрген мамандардың кәсіби және рухани дамуын қолдау мақсатында ақын, жазушы, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әкім Ысқақпен арнайы кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлытау облысы бойынша тұңғыш Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі А.Әнуарбекова және Өңірлік кадр резервінің мүшелері және жас мемлекеттік қызметшілер қатысты.
Кездесу барысында Әкім Ысқақ өзінің қоғам және әдебиет саласындағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісіп, тәуелсіздік кезеңіндегі заң шығарушылық процестің ерекшеліктері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар ұлттық бірегейлікті сақтау, рухани құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік тіл мәртебесін арттыру және көші-қон саясатының маңызы туралы терең ойларымен бөлісті.
Сонымен қатар жазушы қазақ әдебиетінің бүгінгі тынысы, ел бірлігінің маңызы, мәдениеттің жас буынның санасына ықпалы жөнінде өз ой-толғамдарын ортаға салды.
Қатысушылар халықпен жұмыс жүргізудің жауапкершілігі туралы тақырыптарда пікір алмасып, көкейлеріндегі сұрақтарына терең әрі нақты жауап алды.
Әңгіме еркін пікір алмасу форматында өтіп, мемлекеттік қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, кәсіби қызметте қолдануға болатын құнды кеңестер алды.
Іс-шара соңында мемлекеттік қызметшілер Әкім Ысқақтың ел дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтіп, оның шығармашылығы мен азаматтық ұстанымының көпшілікке үлгі болатынын жеткізді.
