Әкім сессияда есеп берді
Ұлытау аудандық мәслихатының кезектен тыс XXXIX сессиясы өтті. Мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітовтің төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, аудан әкімінің орынбасарлары, сондай-ақ, аудандық деңгейдегі мемлекеттік мекемелердің басшылары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты. Кенттер мен ауылдық округтер әкімдері ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.

Алдымен, сессияда Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалысы туралы депутаттар алдында есеп берді. Баяндама барысында 2025-2026 жылдардың ауыл шаруашылығы саласындағы егін, қысқы мал азығын дайындау, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру, бюджет қаржысын игеру, ауыл шаруашылық санағы және басқа да жетістіктерін жеке-жеке атап өтті. Сонымен қатар, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде атқарған жұмыстарына да тоқталып өтті. Мұнымен қоса, аудан аумағында атқарылған және жүргізілуі жоспарға енгізілген жұмыстар хақында әңгімеледі. Баяндамадан кейін Аманжол Батырбекұлы депутаттар тарапынан туындаған сауалдарға орнықты әрі нақты жауаптар қайтарды. Бұдан кейін Ұлытау аудандық мәслихатының 2024 жылғы 30 желтоқсандағы XXVII сессиясының «Ұлытау ауданының 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті туралы» №170 шешіміне өзгерістер енгізу жайында мәселе талқыға түсті. Маңызды сауал бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасады. Мандат иелері бұл мәселені жан-жақты қарастырып, егжей-тегжейлі зерделеді. Талқылау барысында өздерінің көңіл төріндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Сессия соңында қаралған барлық мәселелер негізінде тиянақты тұжырымдар жасалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.
