Маңызды мәселелер қаралды

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында өңірдің эпидемиологиялық ахуалы, тұмауға қарсы вакцинациялау жұмыстары және қар тазалау науқанына дайындық барысы қаралды.

Жиында өңір басшысы қазіргі маусымда эпидемиологиялық жағдайға барынша сақтықпен қараудың маңызын атап өтті. Әкім профилактикалық шараларды күшейтуді, әсіресе халық арасында тұмауға қарсы екпе туралы түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуді тапсырды. Өңір басшысының айтуынша, иммундау қарқыны облыс тұрғындарының денсаулығын қорғауда және жағдайдың тұрақты болуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесіп, тәуекел тобындағы азаматтардың үйлерін аралап профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді жүктеді. Сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындарындағы санитарлық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстау және тағамнан улану жағдайларын болдырмау бойынша нақты шараларды шұғыл түрде іске асыру міндеттелді.

Кеңесте сондай-ақ қысқы маусымға дайындық мәселесі де сөз болды. Ауа-райы әлі қолайлы болғанына қарамастан, әкім қатты қар жаууы мен мұздақтың басталуына әрдайым дайын болу қажеттігін атап өтті. Дастан Адайұлы көктайғақ уақытында құмнан бөлек басқа да инертті материалдарды қолдану мүмкіндігін қарастыруды, осы бағытта өзге өңірлердің тәжірибесін зерттеуді тапсырды.

Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерімен бірлесіп, олардың ғимараттары маңындағы 5 метр аумақты қардан уақытылы тазарту бойынша түсіндіру жұмыстарын қазірден бастау керектігі айтылды. Облыс әкімі жол және коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтуді, жанармай қорын алдын ала толықтыруды және жаяу жүргіншілердің қауіпсіз әрі қолайлы қозғалысын үздіксіз қамтамасыз етуді міндеттеді.