Көкжалдың ізі қалған қасиетті үңгір абаттанды

Ұлытаудың қарт даласы – қазақтың қастерлі кітабы. Әр қырқасы – аңыз, әр тасы – тағылым. Сол киелі мекеннің бір қуысы – Шеңбер ауылы маңындағы биік жартастағы үңгір. Бұл – «даланың соңғы батыры» атанған Кейкі Көкембайұлының ордасы. Жауын жасқап, елін қорғаған көкжал мергеннің үңгірі бүгінгі күні елдік пен ерліктің символына айналып отыр.

Жуырда қасиетті мекенде ерекше игі іс атқарылды. Үңгірге апаратын жолға сатыжол салынып, алыстан көзге ұрар белгітас орнатылды. Бұл қадам – тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, күллі қазақ жұрты үшін рухани жаңғырудың көрінісі.
Бұл істің ұйытқысы – қыпшақтың арда ұлы, қолөнер мен ұсталықты қатар меңгерген Әбілғазы Жиенбаев. Қойлыбай әулие кесенесін тұрғызуға да белсене қатысқан ол, биыл қыстай қам жасап, көктем туа ауылдастарымен бірге Кейкі үңгіріне барар жолды салуға кірісіпті. Қасында Жиенбаев, Қарақожанов, Дүйсенов сияқты ел азаматтары болды.
– Бабамыздың ордасына жол салу – ұрпақтың парызы. Әруаққа құрмет, елге қызмет осылай басталады, – дейді Әбілғазының өзі.
Көктемгі қары еріген шақта жігіттер жартастың үстінен төменге қарай сатылы жол төсеп, үңгірге жетуді жеңілдетті. Бұрын тек батырдың өзі ғана пайдаланып келгендей қол жетпес мекен енді тәу етер қасиетті орынға айналды.

Үңгірдің орналасқан жері – табиғаттың өзі жасаған қорған іспетті. Биік шыңнан айнала алақандағыдай көрінеді. Кейкі мерген осында жатып, қарсыласын алыстан аңдып, төмендегі орманға жіберген атын қалқан етіп, өзі мүлгіген жартас қуысына жасырынған деседі. Сұңғылалығы сондай, жау оның қайда жатқанын біліп үлгергенше оқ астында қалатын болған.
Бұл үңгір – қазақ даласының соғыс мектебі, мергеннің айла-тәсілін үйреткен тірі куәгер.
Үңгірдегі жаңғырту шарасына ел ағалары мен қонақтар жиналды. Облыс әкімінің орынбасары Жәнібек Нөпіров, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, мәслихат хатшысы Ахат Құрмансейіт, дарынды ақын Мұқаш Сейтқазинов, сондай-ақ кезінде батырдың басын Ресейден елге әкелуге мұрындық болған қоғам қайраткері Серік Ақылбай арнайы келді.
– Кейкі – қызыл империяның қылышына қасқайып қарсы тұрған соңғы батырлардың бірі. Ол қорланғанымен, рухы сынбады. 2017 жылы туған топырағына қайта жерленуі – әділеттің жеңісі. Бүгінгі шара – сол рухтың мәңгілік жаңғыруы, – деді Серік Ақылбай тебірене.
Ауыл әкімі Жаңбырбай Әділбеков бастаған ел азаматтары мешіт жанынан үш киіз үй тігіп, ас берді. Жиналғандар ақсақалдардың тағылымды әңгімесін тыңдап, батырдың ерлігін қайта бір еске алды.
– Бұл – тек бір ауылдың ғана емес, күллі қазақтың тойы. Ел болып ұлықтаған осындай шаралар ұрпаққа тағылым, болашаққа аманат, – деді шараға қатысуға келген қонақтардың бірі, Сәтбаев қаласы мәслихатының депутаты Әбулайс Молахов.
Кейкі Көкембайұлы – мергендігімен ғана емес, ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен қайсарлығымен тарихта қалды. Бүгінде батыр есімі туған жерінде қайта жаңғырып, үңгірі халықтың тәу ететін қасиетті орнына айналып отыр. Алдағы уақытта Шеңбер ауылындағы мектепке Кейкі мергеннің есімі берілу жоспарлануда. Бұл – ұлт тарихына тағзымның тағы бір белгісі болмақ.
Ұлытаудың қарт даласы тағы бір мәрте азаттығы үшін жанын қиған ерге тағзым етті. Көкжал батырдың үңгірі – енді ел рухының мәңгілік шамшырағы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.