Шаруаларға қолдау – өнімділікке серпін

Ұлытау облысы әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кеңесте мал шаруашылығының дамуы, ветеринариялық бақылау және саланың цифрландырылуы мәселесі көтерілді.

Кеңесте мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі былтырға қарағанда жоғары екендігі атап өтілді. Өңір басшысы аталған бағыттағы жұмыстарды тоқтатпай, одан әрі ілгерілетуді тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы аудан әкімдіктеріне «Отбасылық ферма» жобасын іске асыруды ілгерілету жұмыстарын күшейту қажет екендігін жеткізді.

Сонымен қатар облыс әкімі Жаңаарқа ауданындағы Айнабұлақ ауылында 1000 басқа арналған асыл тұқымды ірі қара мал шаруашылығы құрылатындығын атап өтіп, инвестжобаға қолданыстағы заңнама аясында жер беру жұмыстарын жеделдету міндетін жүктеді. Оған қоса, жауапты басқармаға өңірде ет өнімін қайта өңдеу бойынша Казақмыс корпорациясымен және «Ұлытау» ӘКК-мен бірлесіп, жаңа кәсіпорын ашу үшін ұсыныс енгізу тапсырмасы берілді.

Жиында облыс әкімі өңірдегі эпизоотиялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін ескертті. Бұл ретте аймақ басшысы санитарлық талаптарға сай келмейтін нысандар бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ бір айдың ішінде ветеринария басқармасына ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарын қала және аудан әкімдерімен бірлескен түрде нәтижелі аяқтауды тапсырды.

Отырыста облыс әкімі 1 тамыз бен 30 қазан аралығына жоспарланған Ұлттық ауыл шаруашылығы санағының сапалы өтуін бақылауда ұстау қажет екендігін ескертті.