Ұлы тұлғаның ізбасары
Қарсақбай кентінде қазақтың ұлы перзенті, Ұлттық ғылым ордасының іргесін қалаушы, академик Қаныш Сәтбаевтың музей-үйі бар. Бұл – біртуар тұлға 1929-1941 жылдары отбасымен тұрған киелі шаңырақ. Ұлы ғалымның геология саласындағы ізбасары Мейіз Қанышқызы 1931 жылы осында дүниеге келген. Академиктің туған күні қарсаңында аталған музей-үйде 30 жылға жуық меңгеруші болған еңбек ардагері Валентина МАШИНСКАЯМЕН жүздескенімізде Мейіз апай туралы әдемі әңгіме өрбіген еді.
– Мейіз Қанышқызы туралы ұзақ әңгімелеуге болады. Ол кісімен алғашқы таныстығымыз 1990-шы жылдары болды. «Геолог-ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, жоғары дәрежелі тұлға Қарсақбайға арнайы келеді» дегенді естігенде қатты толқып, беймаза күй кешкен едім. Кездесу осы музейде өтті. Мейіз Қанышқызы менің қобалжып тұрғанымды бірден аңғарды. Ақырын ғана қасыма келіп, иығыма қолын салды да «Неге қорқып тұрсың?» – деп сұрады. «Жоқ, қорыққан жоқпын, бәрі жақсы» – дедім жымия сөйлеуге тырысып. Маған анам секілді мейіріммен қарап «Мен сені енді Валечка деп атайтын боламын», – деді ол кісі. Сол сөзінде тұрды, қалыптасқан ресми үрдістен біржола бас тартып, мені үнемі Валечка деп кетті. Уақыт өте келе біз кейінірек кездессек те, бір-бірімізді өмір бойы танитын адамдар сияқты қарым-қатынаста болдық. Мейіз Қанышқызы адамды өзінің қарапайым қалпымен баурап алатын. Ғұлама ғалымның қызы Қарсақбайға содан кейін де бірнеше мәрте келді.
Иә, ол өзі дүние есігін ашып, балалық шағы өткен Қарсақбайды жан-тәнімен жақсы көрді. Өзі оқыған мектебі, ұстаздары мен достары туралы сүйсіне отырып, естеліктер айтатын. Мейіз Қанышқызы туған жеріне көбінесе мезгілдің жылы маусымында келетін. Саябақтағы жасыл желек саясында, көл жағасының саумал таза ауасымен тыныстап серуендегенді ұнататын. Болмашы нәрсеге бала секілді риясыз қуанатын. Суға түскенді жақсы көретін. «Мейіз Қанышқызы, суға түсуге болмайды, күн суық» десең, «Ең болмаса, аяғымды суға салып, отыра тұрайыншы» деп бой бермейтін.
1928 жылы сол кездегі одаққа танымал журналист Н.Ф.Погодин Қарсақбайға келгенін тарихтан жақсы білеміз. Ол жаңадан салынып жатқан болашақ мыс ошағы нысандарын, ондағы қарапайым адамдардың жанкешті еңбегін көріп, таң қалады. Мейіз Қанышқызы Н.Погодиннің «Карсакпай – богом забытое место» деген сөзін жиі еске алатын. Әрине, өте ауыр теңеу. Бірақ оның осы сөзінен орталықтан шалғайда, жолсыз, қатынассыз аймақта өндіріс құрылысын салудың өте қиын жағдайда жүргенін айқын аңғаруға болады. Сол кезде комбинаттың бас геологының үйінде күнделікті жағатын отын да болмай қалады екен. Сондайда үй жылытып, ас-су пісіруге көршіден көмір сұрайтындарын, көшенің қарсы бетінде тұратын ағылшын инженерінің үй қызметшісі екі шелекке көмір толтырып, үйге әкеліп беретінін жиі еске алатын.
1931-1932 жылдар халық үшін өте ауыр кезең болғаны белгілі. Мейіз Қанышқызы «Сол кездер қандай қиын болған?!
Бірақ адамдар өмір сүру үшін қайыспай күресе білген ғой» деп күрсінетін. Ол«Қарсақбай – балалық шағымның астанасы» деуші еді. Оның осынау іңкәрлік пен мейірім тұнған жүрекжарды сөзі кенттегі саябақтың кіреберісінде кешегі күндерге дейін жазылып тұрды.
Мен Қарсақбайға медучилищені бітіріп, жас акушер маман ретінде 1969 жылы келдім. Он сегіз жастағы бойжеткен шағым. Осындағы ауруханада еңбек жолымды бастадым. Кейін сол кездегі балабақша меңгерушісі Сара Бұқабаева балабақшаға тәрбиешілік және медбикелік жұмысқа шақырды. Балабақшада 10 жылдай еңбек еттім.
1987 жылы сәуір айында балабақша меңгерушісі «Сені металлургия зауытының директоры Қадыр Мәткенов шақырып жатыр» деді. «Неге шақырды екен?» деген ой құшағында зауыт басқармасы кеңсесіне барып, директордың қабылдауында болдым. Қадыр Мәткенов «Музейге іскер маман керек болып тұр, сол жерге жұмысқа тұруды ұсынамын» деді. Мен үшін музей саласы мүлдем бейтаныс болғандықтан, бірден келісім беру оңайға соқпады. Директор «Ойлан, жұмыс істеп көр, қолыңнан келмесе, балабақшаңа қайтып барасың» деді. Содан не керек, музейге орналастым. Бір орында 28 жыл бойы 2015 жылға дейін қызмет еттім. Өкінбеймін. Жаңа таныстар таптым. Музей жұмысын ұйымдастыру, ілгері бастыру ісіндеЖезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының директоры Мәкен Төрегелдин мен Қарсақбай металлургия зауытының директоры Қадыр Мәткенов көп көмек көрсетіп, қолдау жасады. Алғашқыда музей Қарсақбай металлургия зауытына қарады, кейіннен М.Төрегелдин негізін қалаған тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайының құрамына жеке бөлім болып өтті.
Адамзатты сүю, бөтеннің қайғысына ортақтасу, жақындарына және бөгде адамдарға қолұшын беру мейірім шуағы мол жүректен туады. Қаныш Сәтбаев пен Таисия Алексеевна, міне, осындай жүректері мейлінше мейірімді жандар еді. Осы қасиеттерді Мейіз Қанышқызы өз бойына ата-анасының тәлім-тәрбиесінен сіңірген.
Дара тұлғаның қызы Қарсақбайдың тұрғындарын да керемет жақсы көретін. Әр хабарласқан сайын, елге келген сайын «Адамдар көшіп кетіп жатқан жоқ па?» – деп сұраудан жалықпайтын. Мен «көшіп жатқан жоқ» деп жауап берсем, ерекше қуанатын. Мейіз Қанышқызы Қарсақбайға атбасын бұрғанда міндетті түрде зауыт басқармасына барып, Қадыр Мәткеновпен емен-жарқын әңгімелесетін. Тұрғындардың хал-жағдайын сұрап отыратын.
12 сәуір – менің өміріме сәуле беріп, көзқарасымды қалыптастырған Ұлы тұлғаның туған күні. Бұл – жалпыхалықтық мереке, ғылым мерекесі және менің мерекем. Тағдырыма ризамын. Музей-үйінде жұмыс істеген кезімде көптеген танымал тұлғалармен етене аралас болдым. Ұлы ғалымның өмір жолын, ғылымдағы қалыптасу жылдарын зерделедім. Ең бастысы, оның ізбасары Мейіз Қанышқызымен сыйлас ғұрыпта болғаным – айрықша бақытым.
Қаныш Имантайұлы Кеңес Одағының, Қазақстанның, оның ішінде біздің аймақтың дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Оның есімі халықтың есінде мәңгі қалады. Мұндай адамдар өмірге жүз жылда бір рет қана келеді. Ол Қазақстан үшін, адамдар үшін көп қызмет атқарды, елі мен жерін шексіз сүйді. Ол – патриот, ол кісінің есімі Қазақ тарихында Алтын әріптермен жазылған.
Биыл Қарсақбайдың тумасы, даңқты әкенің ізбасары Мейіз Қанышқызының туғанына 90 жыл толатынын айта кету керек. Ал, Қарсақбайдағы орта мектепті бітірген, Сәтбаевтар отбасының тұңғыш перзенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ханиса Қанышқызының туғанына – 100 жыл. Қаныш Имантайұлының үш перзенті де ғылым докторы, Шәмшиябану айтқандай, шын мәнінде, «Сәулелі әулет».
Жазып алған Дүйсенбай БӘРЕКЕНОВ,
академик Қ.Сәтбаев музей-үйінің меңгерушісі.
Суреттерде:
1. Геолог ғалым М.Қ.Сәтбаева жасанды көл жағасында. Қарсақбай 1999 жыл.
2. Әке шаңырағында болған сәт.