Сыңғырла, соңғы қоңырау!
Ұлытау ауданының барлық білім ұяларында күміс қоңырау сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. Биыл аудан бойынша 96 түлек мектеп бітірді. Олардың алтауы «Алтын белгіге», сегізі «Үздік аттестатқа» үмітті. Солардың ішінде «Алтын белгіге» 3 үміткер №1 Ұлытау тірек мектебінен.
Аталған білім ордасынан 11 сыныпты 26 түлек тәмамдап отыр. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек қатысып, мұғалімдер қауымы мен түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтады.
– Бұл күн мектеп бітірушілердің өміріндегі басты қадамдардың бірі. Жаңа әлемде өз жолыңызды, өз орныңызды табу – өте маңызды. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сіздерге амандық, сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімінің орынбасары.
«Соңғы қоңырау» салтанаты «Мектебім, саған мың алғыс!» тақыры бында ұйымдастырылды. Әуелі Мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұраны ойналды.
Тағылымды ой, татымды сөзді Зүбайра Ершұманова сөйлеп, түлектерге ата-аналар атынан ақ батасын берді. Өз кезегінде түлектер ұстаздарына гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, мұғалімдер шәкірттеріне сәт-сапар тілеп, қимай қоштасатындықтарын тілге тиек етті. Білімнің «Алтын кілтін» мектеп бітіруші Мейірхан Темірханұлы 10 сынып оқушысы Ұлықбек Шәкарманға тапсырды. Соңғы қоңырау соғу құрметіне 1 сынып оқушылары Айғаным Жақия , Әмір Талғат пен мектеп түлектері Назель Серік, Ақниет Марғұланқызы ие болды. Осы бір сәтте ән әуезі қалықтап, ол қоштасу вальсіне ұласты.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.