Байрақты бәсекеде бағымыз жанды
Сәуір айының 13 мен 18-і аралығында Ташкент (Өзбекстан) қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер мен ардагерлер арасында Азия және Океания чемпионаты өтті.
Бұл додаға Қырғызстан, Монғолия, Түрікменстан, Тәжікстан, Филиппин, Марокко, Өзбекстан мемлекеттерінен жауырындары жер иіскемеген мықты деген балуандар қатысты. Бес күнге созылған байрақты бәсекеде Қазақстаннан барған балуандар да қарсыластарына дес бермеді. Солардың қатарында Ұлытау облысының намысын қорғаған жерлестеріміз үздік нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, Ұлытау ауданының боз кілем шеберлері жерлесіміз – Асқар Дүкембаев 2 дүркін чемпион, Марғұлан Еділбаев І орын, жезділік ардагер спортшы Дастан Шаяхметов ІІІ орын иеленсе, жас спортшы Абылайхан Алшынбек осы Азия чемпионатының 2 дүркін чемпион атағын жеңіп алды.
Спортшыларды Жезқазған қаласындағы әуежайдан Ұлытау ауданы спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин, Жезді кентінің әкімі Мұратбек Жұмабек, аудандық мәслихаттың депутаты Азамат Смағұлов жылы лебізбен күтіп алып, батырларымызға құрмет көрсетті.
Орайы келгенде айта кетейік, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков ауданда спорттың дамуына, спортшыларымыздың байрақты бәсекелерге қатысуына үлкен қолдау жасап келеді. Осы жолы да аудан басшысы Өзбекстан мемлекетінде өткен додаға баратын спортшыларымызға демеушілік қолдау көрсетті. Мәселен осы жарысқа арнайы барған ардагер спортшы Аманбек Баймағанбетов аудан әкімдігінің демеушілігімен барса, Асқар Дүкембаев 2024 жылдың «Үздік спортшысы» атанды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.