Қарсақбай зауыты соғыс жылдарында
1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия Кеңес Одағына қарсы тұтқиылдан шабуыл жасады. Ұлы Отан соғысы басталып, жау қолында қалған өңірдің халқына қазақ даласы пана болды, жетімін бауырына басады. 1418 күн мен түн созылып сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталуына қазақ елі де сүбелі үлесін қосып, тарих парағына алтын әріптермен жазылып қалдырылды.
Өлім мен өмір тайталасқа түскен алмағайып шақта кешегі Одақтағы ірі өндіріс ошақтары Қазақстанға да көшірілді. Қазақстандағы зауыт, фабрикалар, шахталар мен кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы еселенген еңбек ырғағына көшірілді. Солардың қатарында қарашаңырақ Қарсақбай да бар. «Бізге мыс кені, тағы мыс кені керек» деген ұранмен еңбек еткен Қарсақбай металлургтері 1941 жылы 18 қарашада Жезқазған кеншілеріне ашық хат жолдады. Онда былай деп жазылған:
«Кенші жолдастар! Отан жауына жасын болып жауған мысты бүгінгіден де артық шығару керек болып отыр. Біздің ардақты борышымыз – соғыс кезіндегі стахановшылар қатарының ең алдында болу. Біз əрбір ауысымда, əрбір күнде, əрбір жұмыс орнында жоспарды мүлтіксіз орындау жөнінде аса жауапты міндеттеме қабылдадық. Бұл үшін бізде не керектің бәрі бар. Біздің зауыт Сіздердің беріп жатқан мыс кендерінен 1,5 – 2 есе артық шикізатты өңдеуге мүмкіндігі бар.
Біз Сіздерден өз мүмкіндіктеріңізді қайта салмақтап, көтеріңкі міндеттеме қабылдауларыңызды талап етеміз. Сіздердің кендеріңіз жетпей жатқанын ашық мəлімдейміз. Қазірдің өзінде Сіздер бізді ашқұрсақта ұстап отырсыңдар. Əрбір сағат қымбат. Бізге мыс кені, мыс кені жəне мыс кені керек. Егер кен тас шығаруды арттыру үшін күш біріктіріп, шұғыл жəне жанжақты шаралар қолданбасақ, ертең мұның өзі кеш болғалы тұр. Біздің жəне Балқаштың зауыты шегіншекпен терең артта қалады. Бұған жол беру аса дөрекі қателік қана емес, ол мемлекет алдындағы ауыр қылмыс болар еді. Мыс өндіруді көбейту үшін күн сайын əрбір ауысымда, əрбір жұмыс орнында пəрменді жарыс, шын мəнісінде еңбек бəсекесін ұйымдастырайық».
Жезқазғандықтар Отан алдындағы борышын терең сезініп, түсінді. Ішкі мүмкіндіктерді іздеді, өндірісті ұйымдастырудың тиімді жолдарын қолданды, қолдағы техникалардың қуатын толық пайдалануға қөңіл бөлді.
Қарсақбай зауытының металлургтері жеңісті жақындатуға барын сала еңбек етті. Зауыт әкімшілігі алғашқы күннен бастап жұмысты соғыс жағдайына бейімдеп ұйымдастыру ісіне кірісті. Зауытты басқару тәртібі бірнеше аралық буындарға қысқартылып, негізгі участоктарға өндірісте тәжірибесі бар жұмысшылар, мамандар, коммунистер жіберілді. «Жауды талқандауға металды көп берейік» деген ұранмен күндіз-түні жұмыс істеді. Зауытта құпия түрде миналар құйылды. Әрбір он оқтың тоғызы осы Қарсақбай зауытында жасалған. Қарсақбай пионерлері атынан майданға көмек ретінде Одақ көлеміне үлгі болған акциялар өткізілді. Осынау ел басына күн туған шақта мыңдаған қазақстандықтар соғыс коммисариатына келіп, еріктілердің қатарына майданға жіберуді сұрады. Қарсақбай кентінен 140-тан астам ер азамат майданға аттанды. Елге аманесен оралғандар да, із-түссіз кеткендер де көп болды. Олардың көпшілігі Қарсақбай мыс зауытында еңбек етіп жүріп майданға аттанды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарсақбай мектебінің ұстаздары мен оқушылары және кеншілер металлургтермен қатар жеңіске өз үлестерін қосқан. Ол жайлы мұрағат құжаттарында былай делінген: «Мәскеулік пионерлердің үндеулеріне жауап ретінде Қарсақбай мектебінің оқушылары «Қазақстан пионері» танк колоннасын жасауға 6 мың сом қаржы жинады». Ал, 1943 жылғы 21 сәуірдегі «За медь» газетінде Бас қолбасшы И.Сталиннің жеделхаты жарияланды. Онда Бас қолбасшы Қарсақбай мектебінің оқушылары мен мұғалімдеріне алғысын білдірген.
Осы материалды дайындап отырғанда ғаламтордан қарсақбайлық жауынгер Мұханбетқали Құлыбеков жайлы мына бір ақпаратты кездестірдім. Майдангердің жорық жолы жайлы жазба оның күнделігінен алынған екен. 1923 жылы Қарағанды облысы Коммуна колхозында, кедей отбасында дүниеге келген Мұханбетқали Құлыбеков Қарсақбайға 1925 жылы келіп, зауытта еңбек ете бастаған. Ол 1939-1941 жылдары №1 орта мектебінде оқып, білім алған. 1942 жылы шілде айында Ақмола қаласына келіп әскер қатарына алынып, 387-атқыштар дивизиясының 949-артиллерия полкінда жауынгер болып, бірден Сталинград майданына келеді. Осы бір жан алысып, жан беріскен сұрапыл соғыс жайлы ардагер өз күнделігінде: «Бізге жүктелген міндет, егерде неміс танкілері көрінер болса, я болмаса жаяу әскерлері алға шығып кетсе, міне соған қарсы тойтарыс беру болды» деп жазады. Жауынгер Мұхамбетқали Құлыбеков осы соғыс барысында Сталинград, Перекоп, Миус, Қырым жерлерінде болған шайқастарға қатысады.
Сталинград шайқасы – екінші дүниежүзілік соғыстағы басты шайқастардың бірі болғаны мәлім. Қаланы қорғауда кеңес әскерлері 1942 жылдың 17 шілдесінен – 18 қарашаға дейін кескілескен ұрыстар өткерді. Ол жайлы жерлесіміз өз естелігінде: «1942 жылдың 19 қараша күні таңғы сағат төртте дайындық болып, қарсы шабуыл басталды. Ол үш операциямен іске асырылды: «Уран» – Сталинградтағы неміс әскерлерін қоршап алу; «Кіші Сатурн» – Сталинградта қоршауға түскен неміс әскерлеріне батыстан және оңтүстіктен келетін көмектің жолын кесіп тастауға; Сталинградта қоршауға түскен фельдмаршал Ф.Паулюстің армиясын талқандау болды. Осы зор шайқас 200 күн мен түнге созылды. 1943 жылдың 2 ақпан айында қала түгел немістерден азат етіліп, фельдмаршал Паулюс қалған әскерімен тұтқынға алынды» деп жазыпты.
Мұханбетқали ақсақал болған 387-атқыштар дивизиясы көптеген қала мен деревняларды азат еткен. Ол кісі өз жазбаларында: «1945 жылдың басында бізді Австрия жеріне жіберді. Бірнеше қалаларды алғаннан кейін 1945 жылы 13 сәуір күні орталық қаласы Венаны алдық. Бұл шайқас өте ауыр болды. Себебі, нағыз немістер шоғырланған жер осы болатын. Бұл майдан аяқталғаннан кейін Болгария жерінде болып, Югославияда шамалы шайқастарына қатысып, Чехословакия жеріне ауыстық» деп те жазады.
Жауынгер жерлесіміз елге 1947 жылы 30 сәуірде оралады. Осы жерде еңбек етіп, Қарсақбай кентінде қайтыс болды.
Міне, қазақ даласының қиыр шетінде жатқан шағын кент кешегі ел басына күн туған шақта осындай ерлік істерімен, батырларымен күллі одаққа танылды. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды». Тарихта ең зұлмат соғыс деген атпен қалған Ұлы Отан соғысы әр отбасына өзінің өшпес таңбасын қалдырды. Жеңістің жолы ауыр болды. Осы жолда қаншама ата — ана баласынан, қаншама бала әкесінен, қаншама жар жұбайынан айырылды. Сондықтан, бүгінгі ұрпақ ең алдымен майдан даласынан қайтып оралмаған, жерін, елін, Отанын қорғау жолында қаза тапқан қаһармандарды еске алуы керек. Келешек ұрпақ үшін, өз Отан үшін құрбан болған жауынгерлерге адамзат қоғамы мәңгі қарыздар. Болашақ өмір, ұрпақ үшін жанын қиған ата-бабаларымыздың ерліктері жылдар тұрмақ ғасырлар өтсе де ұмытылмастай тарихта жазылып қалады.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.