Қазақстан ІІМ трансұлттық қылмысқа қарсы бірлескен шараларды күшейтуді ұсынды
«Орталық Азия – Қытай» форматындағы ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерінің екінші кездесуі барысында трансұлттық қылмысқа, есірткі тасымалына, заңсыз көші-қонға және киберқауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту – тұрақтылық пен орнықты дамудың басты шарттарының бірі.
Қазақстанның Ішкі істер министрі Ержан Саденов көлік-логистикалық байланыстардың кеңеюі мен көші-қон белсенділігінің артуы құқық қорғау органдары арасындағы үйлестіру жұмыстарын күшейтуді талап ететінін айтты.
— Бүгінде қылмыстық топтар есірткі тасымалын, қарудың заңсыз айналымын, адам саудасын және өзге де заңсыз әрекеттерді ұйымдастыру үшін халықаралық көлік бағыттарын, цифрлық технологиялар мен көші-қон ағындарын белсенді пайдаланып отыр.
Мұндай жағдайда жедел ақпарат алмасу, шекара маңындағы бірлескен іс-шараларды өткізу және құқық қорғау органдарының үйлесімді әрекеті айрықша маңызға ие.
Мемлекеттеріміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін трансұлттық қылмыс арналарының жолын дер кезінде кесіп, алдын алу жұмыстарын күшейту қажет, – деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
