Ұлытау облысында ашылатын Техникалық университет мәселелері қаралды

Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Күнсұлу Закария, өңір басшысы Дастан Рыспеков, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев және жоба басшысы Мақсұтбек Айтмағанбет қатысты.

Облыс әкімі өз кезегінде Канада университетімен бірлескен білім ордасын салу үшін әкімдік тарапынан Жезқазған қаласынан жалпы ауданы 20 га құрайтын жер телімі бөлінгенін, шекарасы белгіленіп, мүлікке кадастрлық төлқұжат алынғанын атап өтті.

ҚР Президентінің кеңесшісі Күнсұлу Закария университеттің техникалық бағыттағы сапалы кадрлар дайындауда маңызы үлкен болатынын жеткізді. Ал жоба басшысы Мақсұтбек Айтмағанбет жобаның даму жоспарымен бөлісті.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов университеттің Ұлытау облысымен ғана шектелмей, Орталық Азия мемлекеттерінен студенттер оқытуға бағытталатынын айтты. Сәйкесінше, білім ордасының барлық сала бойынша мүмкіндігі жоғарылауы тиіс.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ұлытау облысының әкімдігі және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС арасында «Ұлытау техникалық университетінің 2024-2028 жылдарға арналған кампус құрылысы және жұмыс істеуі жөніндегі» Жол картасына қол қойылған болатын.