Жиһанкез жерлесіміз жер шарын жаяу аралаудың үшінші кезеңін аяқтады

Осыдан екі жыл бұрын жер шарын жаяу аралап шығу миссиясын бастаған ұлытаулық жиһанкез Сəрсенбай Қотырашев биыл өзінің сапарының үшінші кезеңін аяқтады. Жуырда ақсақалды Қытай астанасы Бейжің (Пекин) қаласында дүйім ел қарсы алып, қошемет көрсетті.

74 жастағы жиһанкез жерлесіміз өзінің биылғы сапарын ағымдағы жылдың 2 тамызында Шығыс Қазақстан облысынан бастаған еді. Екі ай жол жүрген жерлесіміз дүниежүзі бойынша жаяу саяхатының үшінші кезеңін сəтті аяқтады. Ақсақал жалпы 4 жылда (2022-2026 жж) Қазақстан — Ресей — Грузия — Түркия — Болгария — Сербия — Венгрия — Австрия — Германия — Франция — АҚШ — Қытай — Моңғолия мемлекеттері арқылы саяхаттауды жоспарлаған болатын.
Саяхатының бірінші кезеңін 2022 жылы 72 жасында бастаған Сəрсенбай Оспанұлы əуелі Қазақстанның 17 облысын (8 мың шақырым) 6 айда жаяу жүріп өтіп, жалпақ жұртқа танымал болды.
Екінші кезеңінде (2023 жылы) Қазақстан – Ресей – Грузия — Түркия елдерін 3000 шақырымдай жолды артқа тастап, 100 күнге тарта уақытта жүріп өтті.
Ал, үшінші кезеңі (2024 ж) 2 тамызында Өскемен қаласынан бастап, Қазақстан – Ресей – Моңғолия – Қытай (Қытайдың жерінде Уланчаб қалалық округіне дейін 300 шақырымнан астам жол жүріп, барлығы — 62 күнде 2800 км) елдерімен жүріп өтіп, қазан айының басында сапарын аяқтады. Шығыс Қазақстаннан басталған сапар екі айға жалғасты. Осы уақыт ішінде ол бірнеше мемлекетті аралап Қытай астанасына жаяу жетті. Қарияны Қазақстан елшілігінің қызметкерлері қарсы алып, сый-құрмет көрсетілді.
Сапар барысында жиһанкез жерлесіміз алдымен Ресейге өтіп, Алтай өлкесін аралап шықты. Жергілікті тұрғындармен əңгімелесіп, бірқатар нысандарға барып, көреді. Кейін Моңғолия шекарасынан өтіп, Баян-Өлгей арқылы Ұлан-Батырға соққан.
74 жасқа келсе де жиһанкез тың көрінеді. Жол-жөнекей «Құдайы қонақ» боп амалдапты. Бағыт-бағдарды жергілікті полицейлерден сұрап біліп отырған.
– «Көлікке отырыңыз, біраз жерге дейін жеткізіп тастайын» дегендер де болды. Мен олардан бас тарттым. Себебі сапарымның тəртібі бұзылатын болды. Бəріне де ырзамын. Моңғол халқына, Қытай, Ресей халқына Алтай өлкесінің құрметтеп қарсы алып, қонақасын берді. Сый-құрметін жасап жатыр. Шын ниетімен тілектерін айтып жатыр. Мұның өзі маған үлкен демеу болды, – дейді Сəрсенбай Оспанұлы журналистерге берген сұхбатында.
Орайы келгенде айта кетейік, бұл жиһанкездің дүниежүзін жаяу шарлау миссиясының екінші кезеңі. Бұл жолғы сапарын ол Қазақстанда өткен Көшпенділер ойындарына арнаған. Мақсаты – мемлекеттерді аралап, ұлттық мəдениетімен танысу. Ел мен жерді кезіп жүріп қазақ елінің дəстүрін насихаттауды көздейді. Саяхатшы осы сапарларында көрген-білгенін қағаз бетіне түсіріп, кітап жазбақшы. Ол үшін енді Еуропа мен АҚШ-ты аралауға бекініп отыр.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.