«Ана сатып аламын…»
9-10 жастар шамасындағы жетім бала базарда арба айдап күнелтеді екен. Бірде ол жезөкшелер үйінің жанынан өтіп бара жатады да, алдынан жолыққан бір адамнан: «Аға, мына жерде адамдар не істейді?» – деп сұрапты. Ол кісі: «Бұл жер әйел адамдарды ақшамен сатып алатын жер», – деп жауап беріпті.
Мұны естіген бала сол күннен бастап өзі қанша аш-жалаңаш жүрсе де, көп ақша табу үшін барын салады. Айлар бойы арбамен жүк тасып, көлік жуып, отыра қалып елдің етігін майлап, тапқан ақшасын жинай беріпті.
Осылайша бала біршама ақша жинақтап алған соң әлгіндегі әйелдер сатылатын жерге барыпты. Көзге жылы көрінетін әйелге жақындап келіп: «Апай, мен көп ақша жинақтап, сізді сатып алуға келдім. Менің қатарластарымның барлығының да анасы бар. Ал менде ана жоқ. Бір кісі маған бұл жерден әйел адамды ақшаға сатып алуға болады деп еді. Сол үшін ай бойы ұйқы-күлкісіз жұмыс істеп, ақша жинадым. Сіз маған ана болыңызшы. Өтінемін, маған тек қана Ана керек, егер бұл ақшамды аз десеңіз, мен тағы да жұмыс істеп, көп ақша тауып Сізге әкелейін», – депті.
Баланың сөзін жылап тұрып тыңдаған әлгі жас әйел жетімнің маңдайынан сипап, солығын баса алмай: «Балам, әлемде сатып алуға болмайтын нәрселер де болады. Соның ішінде біз ақшаға Ана сатып ала алмаймыз… Менің сен секілді балам бар, ол үйде күтіп отырған болар, мен анамын, үйіме қайтайын, бұл жерге енді ешқашан қайта айналып келмеспін. Ешкім де Ана деген адамды еш жерден ақшаға сатып ала алмайтынын түсіндім. Сен маған өз қадірімді түсіндірдің, рахмет саған», – деп баланы құшақтап сүйіпті де, бетін басып жылаған күйі үйіне қарай бұрыла жөнеліпті…
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.