Медицина саласының майталманы

Мағыналы ғұмырының жарты ғасырын денсаулық сақтау саласына арнап, халқы үшін, кейінгі ұрпақ үшін бойындағы білімін, күш-жігерін сарқа жұмсау екінің бірінің қолынан келе бермейтіні белгілі. Сондай ақ желеңді абзал жанның бірі, Ұлытау ауылының тұрғыны Жамал Бақтыкелдіқызы БЕКМАҒАНБЕТОВА. Оның білікті акушер-гинеколог маман болғанын жергілікті тұрғындар жақсы біледі. Бүгінде жасы 85-ке келсе де, өткен күндерден сыр шертіп, әңгімелерін айтудан жалыққан емес.

Таңқаларлығы сол, өткен өмір туралы айтудан жалықпайтын апамыз, жоғары оқу орнын бітіріп, Ұлытау ауданына келген бетте маңдайға басқан жалғыз акушер-гинеколог өзі болыпты. Содан да болар, Жамал апайдың кіндік шеше болмаған үйі бұл ауылда кемде-кем. «Әрбір үйде 4-5 баладан кіндік балам бар» деуі осыдан шығар. Сол жылдарда аудан аумағындағы ауылдарды қоса есептегенде, аудандық перзентханада жылына 120-150 сәби өмірге келеді екен. Осыны есептегенде, қаншама сәбидің кіндік шешесі атану, шынында да таңқаларлық жағдай.

Жамал апай – 1936 жылы Ұлытау ауданы, Малшыбай ауылында туған. Аудан орталығындағы №1 мектептің түлегі. Алғашқы еңбек жолын 1960 жылы «Ембұлақ» тұсында болған Ұлытау ауруханасынан бастапты. Ол кезде аурухананың бас дәрігері Төрекелді Шарманов екен. Бүкіл ғұмырының 54 жылын денсаулық саласына арнаған Жамал апа зейнеткерлікке шыққаннан кейін де аудандық ауруханада талмай еңбек етуі біліктілігінің арқасы шығар. Жылдың төрт мезгілінің ыстығы мен суығы, жауын-шашыны мен боранына қарамай дереу жолға жиналып, жедел-жәрдем көлігімен, кейде ат шанаға отыра салып, талай ананың нәрестесін құшағына басу бақытына кенелткен. Осыған қарап, аудандағы біраз кісілер балаларының мінезін Жамалға тартты деп айтып жатады. Шынында да халқымыз «Бала кіндік шешеге тартады» дегенді бекер айтпаған болар. Оның себебі, өмірге шыр етіп, келген баланың тірі тәнін қолымен ұстап тұрып, кіндік кесу арқылы әрбір адамның бойында болатын биоөріс пен адам бойындағы қасиеттер белгілі мөлшерде балаға беріледі екен. Оны жаңа туған сәби бірден қабылдап алатын көрінеді.

Сондықтан, ата-анасына, ата-әжесіне тартпаған кейбір мінездері кіндік шешесінен айнымайды деп айтуы – осыған сәйкес. Бүгінде Жамал апайдың кіндік кескен балалары есейген шақта: «менің кіндік шешем осы кісі» дегенді талай естідік. Аймаққа танымал урология маманы, дәрігер Боранбай Әбеновтің де кіндік шешесі Жамал апай. Бір кездері Төрекелді Шармановтың өзі бұл кісінің еңбекқорлығына, тиянақтылығына қарап, атқарған жұмысына жоғары баға бергенін ауыл халқы әлі айтады. Жұбайы Қаражігіт Әбдірахманов та білікті дәрігер. Екеуі – барлық ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған жандар.

Арын да, ақ желеңін де кірлетпеген бір дәрігер болса, ол – Жамал Бекмағанбетова. Ол кісі қашаннан өжеттілік пен шыдамдылықты жанына серік еткен мінез иесі. Алты мың баланың кіндік шешесі, талай ана мен сәбидің өміріне арашашысы болған жан. Бүгінгі күні жергілікті тұрғындардың «менің баламның немесе өзімнің кіндік шешем» деуі осыдан.

Қайрат ЖҰМАБАЙ

 ҰЛЫТАУ ауылы.