Балалар алаңдары ашылуда

Мемлекет басшысының тапсырмасымен өмірге келген «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде өзінің жемісін беруде. Ел Президентінің «Билік бұқараның өтініш-тілегі мен шағымдарын жүре тыңдамай, олардың орындалысына аса жауапкершілікпен қарауы керек», деген сөзін билік басындағылар бүгінде мүлтіксіз орындауда.

Осындай жарқын істерді өз ауданымыздан да көптеп көруге болады. Аудан əкімі Аманжол Мырзабеков аудан тұрғындарының өтініш-тілектеріне баса назар аударып, олардың орындалысын үнемі назарында ұстап келеді. Соның нəтижесінде ел тілегі мүлтіксіз жүзеге асуда. Мəселен, былтырғы жылы аудан басшысының тұрғындармен кездесуі барысында жаңа үлгідегі балалар ойын алаңын орнатуға өтініш түскен еді. Тұрғындар өтінішіне сəйкес, аудан бюджетінен қомақты қаржы қарастырылып, нəтижесінде жаңа ойын алаңдары бой көтеруде. Аудан орталығындағы Мұқан Иманжан көшесінде басталған балалар ойын алаңының құрылысы соның айқын дəлелі.
Қазір мұнда ойын алаңының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Арнайы қоршаумен қоршалған алаңның бүгінгі күні төсеніші төселіп, ойын құрылғылары орнатылуда. Сондай-ақ, Қаныш Нұртазинов көшесінде де жаңа балалар ойын алаңы бой көтеретін болады. Ол үшін арнайы орын қарастырып, арнайы төсем жұмыстары жүргізілуде.
Балалар ойын алаңдары тек аудан орталығында ғана емес, шалғайдағы ауылдарда да көптеп ашылуда. Мысалы, Егінді ауылында балалар ойын алаңын орнатуға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі төсеме тастары төселіп жатыр. Қоршау орнатылғаннан кейін мұнда тартанды жабын жабу, ойын құрылғыларын орнату жұмыстары жүргізілетін болады. Жұмыстарды аяқтау мерзімі – ағымдағы жылдың 1 тамызы.
Атап өтетін тағы бір жағдай, Борсеңгір ауылында маусым айында балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ашылған ойын алаңдарына тұрғындардың алғысы зор.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.