Ұлттың асыл абызы еді…

«Адам топырағынан» дегендей, өмірдегі шыққан шыңдарым мен алған асуларым үшін, алдымен қарт Ұлытауым мен ата – бабаларымның рухына тағзым етемін»

Т.ШАРМАНОВ.

Төрегелді Шарманұлы ШАРМАНОВ – 1930 жылы 19 қазанда Ұлытау баурайында дүниеге келген ұлы азамат, Ресей ғылым академиясының жəне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы жəне көптеген орден, медаль марапаттарының иегері. Күллі Қазақстан мемлекетінің дамуында бұл кісінің тынымсыз еңбегінің үлесі бар десем қате болмас. Себебі, біздің ұлытаулық ұланымыз өзінің ұзақ ғұмырын халқының қамы үшін еңбек етуге, олардың денсаулығына пайдасы тиер зерттеулерге арнады.

Төрегелді Шарманов 1955 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын үздік аяқтап, 1958-1962 жылдары аспирантурада оқып жүргенінде болашақ жарына ғашық болып, бірге қол ұстасып, ауылдастарының денсаулығына қамқор болу үшін туған жері – Ұлытауға аттанады… Төрегелді Шармановтың алғашқы еңбек жолы 1962 жылы аспирантураны бітіре сала, Ұлытау ауданындағы орталық ауруханада Бас дəрігер болуынан бастау алды. «…Əкем мен анам медициналық көмек көрсетумен қатар жерлестерін гигиена ережелерін сақтауға, дұрыс тамақтануға, жаңа туған сəбилерге күтім көрсетуге үйретті. Алғаш рет ауылда монша салып, үйлерге электр қуатын жүргізді. Бұл дегеніміз – қиыншылық жағдайға қарамастан жасалған, нағыз алғашқы медициналық – санитарлық жəрдем болатын..», – дейді Төрегелді Шармановтың ұлы Алмаз Шарманов. Расымен де, заманның қиыншылығы мен қысымына мойымай, дамып, туған жері мен халқының қамы үшін жұмыс жасау көп адамның қолынан келе беретін дүние емес. Төрегелді Шарманов сол жылдары көптеген аурулардың себебін жеткіліксіз немесе дұрыс тамақтанбаудан көреді. Тамақтану ғылымына деген қызығушылығы осы Ұлытаудағы сəттерден басталса керек. Ал бұл оның биік белестерді бағындыратын өмірлік ғылыми ісіне айналды..
Кейін, алдыға деген ұмтылысының арқасында, 1971-1982 жылдары Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып жүріп, 1973 жылы Қазақ тағамтану академиясының жəне Қазақстандағы нутрициологтар мектебінің негізін қалайды. Бүгінде академия тағамтану физиологиясы мен иммунологиясы, биохимиясы мен гигиенасы мəселелері бойынша кешенді зерттеулер жүргізсе, Төрегелді Шармановтың басқаруымен Қазақстанда Балалар тағамы орталығы құрылып, денсаулық сақтау ісіне балалар тағамының жаңа емдік – профилактикалық түрлері енгізіледі.
Онымен қатар,1978 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық – санитарлық алғашқы жəрдем бойынша халықаралық конференциясының негізгі ұйымдастырушысы болды. Конференция үшін Қазақстанға əлемнің 150-ден астам елінен делегаттар келді. Əлемде алғаш рет адамның денсаулыққа негізгі құқығын жария еткен «Алматы декларациясы» жұлдыздай жарқ етті. Қазақстан əлемдік деңгейде көрініп, беделі артты. Бұл көптеген елдердің мемлекеттік денсаулық сақтау саясатының негізіне айналды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Маргарет Чен Т.Ш.Шарманов жайлы өз құттықтауында: «Денсаулықты сақтап, ақыл – ой кемелдігін арттыруда дұрыс тамақтанудың орны бөлек. Міне, осыны алдымен түсініп, насихаттай бастаған ғалымдардың бірі – профессор Шарманов… Алматы конференциясынан соң отыз жыл өте келе, танымастай өзгерген əлемнің бүгінгі қалпына қарап профессор Шармановтың көрегендігіне көзіміз жетуде..» деп сөз етеді. Ал Еуропа жəне ТМД елдері үшін ЮНИСЕФ Өңірлік бюросының директоры Мария Каливис: «Сіз – əлем бойынша дұрыс тамақтану мəселелерінің түйінін шешуге атсалысқан алып тұлғасыз. Тамақтану саласында атқарылған істеріміздің барлығына Сіздің еңбектеріңізді арқау етеміз..», — дейді. Осы сəттен-ақ Төрегелді Шарманов тың көрегенділігі мен ақылдылығын əлем халқы мойындағанын көре аламыз. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш..
Нағыз жетістік – 2005 жылы əлемдік денсаулық сақтау ісіне қосқан көрнекті үлесі үшін ДДҰ жоғарғы мəртебелі марапаты – Леон Бернард атындағы медаль иегері атанды. (Əлем бойынша тек 43 адам иеленген) Бұл Төрегелді атамыздың жетістіктері мен еңбектерінің тек қана бір бөлшегі.. Ұлытау ұланының маңызды зерттеулерінің бірден бірі — бие сүтінің пайдасы мен қасиеті. Ғалымның пайымдауынша, бие сүті – ағза тіршілігінде өзекті рөл атқарады. Жүрекқан тамыры жəне жүйке жүйелерінің жұмыстарын реттеуге қатысады, қабынуға қарсы əрекет етеді, жұқпалы емес аурулардың дамуына тосқауыл болады. Ол кісі бие сүті негізіндегі тағам өнімдерінің ғылыми негіздемесін əзірлейді. Ал 2016 жылы оның басқаруымен Алматы қаласында «Ұлытау» ұлттық салауатты тағамтану орталығы құрылады. Оның ішінде əлемде алғаш рет бие сүті негізіндегі емдік – профилактикалық жəне жаппай тұтынуға арналған салауатты тағам өнімдерін шығаратын зауыт бар.
Төрегелді атамыз 94 жас жасады. Ол салауатты өмір салтын ұстануды, күнделікті сағат 6-да тұрып, қауіпсіз əрі пайдалы тамақтанып, саяхаттап отыруды жөн көрді. Көп жасауының да себебі сол деп есептеймін. Өзі біршама жас жасаған шағында ешбір шаршамай, адам денсаулығына, ағзасына, тамақтануына қатысты көптеген жұмыстарды атқарып отырды. Сол кісі жайлы мақала тақырыбын «Шаршамайтын Шарманов» деп С.Əзімов бекерден бекер қоймаған – ды..
Т.Шармановтың атамекеніне деген құрметі өте зор болғаны бəрімізге мəлім. Негізінде Ұлытау өлкесінің қасиеті мен киесі – бөлек, тылсым күш. Ол туралы айта бергім келеді.. Киелігінің куəсі осы Төрегелді Шарманов десем қате болмас. Оның ғылым жолындағы бастауы да Ұлытаудан басталып еді. Өзінің бар ғұмырын адамзат денсаулығының пайдасына арнаған, алғашқы медициналық-санитарлық көмекке көпір бола білген, нағыз Дала баласы екенін дəлелдеген, салт-дəстүрін, тұрмысын дəріптеп, үлгі тұтқан, үлесі елімізбен қатар əлемдік деңгейге жеткен киелі Ұлытау ұланына мың тағзым!

Елдара ОБАЙДУЛЛИНА,
жас түлек.