104 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі
Биыл Ұлытау облысы бойынша жалпы көлемі 104 мың шаршы метр болатын, 728 пəтерді құрайтын 15 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл жайында өңір басшысы Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ Үкімет отырысында мəлімдеді, деп хабарлайды облыс əкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері, яғни, қаңтар-наурыз айларының аралығында 8.2 мың шаршы метр баспана кілті өз иелеріне табысталыпты. Ал, алдағы маусым айында коммерциялық жəне кредиттік үйлерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Бүгінгі таңда облыс бойынша қаржыландырудың барлық көзі есебінен жалпы ауданы 94 мың шаршы метр, пəтер саны 1052 құрайтын 21 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондайақ өңірде 6 жалдамалы (288 пəтер) тұрғын үй салынуда, – деді облыс əкімі өз есебінде.
Отырыста сондай-ақ халықтың əлеуметтік осал тобындағы азаматтар үшін 243 дайын пəтер сатып алуға қаражат қарастырылғаны жəне қосымша 188 баспана алуға өтінім беру үшін мүмкіндіктің бар екені айтылды.
Аймақ басшысы өз сөзінде тұрғын үй құрылысы бойынша Ұлытау облысында проблемалық объектілер жоқ екенін де тілге тиек етті.
Ізбасар Ойбас.