Ұлытау облысында екі отбасы баспаналы болды
Пәтер кілттері Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылында кезекте тұрған қос отбасыға берілді. Аумағы 201.6 шаршы метр болатын үйдің құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталды. Шаңырақ кілттерін Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы табыс етті.
«Осы уақытқа дейін де хабарлағанымыздай, биыл біз жаңа үйлердің құрылысын жүргізуде ауданға қарасты ауылдарға басымдық беріп отырмыз. Осындай су жаңа үйлер салуды және оларды кезек бойынша үлестіру үрдісін ары қарай да жалғастырамыз деген сенімдемін» – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Айта кетейік, Түгіскен ауылында биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 300 орындық заманауи мектептің құрылысы басталып, ауылішілік жолдар жөндеуден өтеді.