Облыс әкімінің аппарат басшысы Абзал Жайлыбай зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Облыс әкімінің аппарат басшысы Абзал Әліпұлы Жезқазған қаласының ардагерлері және зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, бейресми кездесу өткізді.

Айта кетейік, облыс әкімінің аппарат басшысы басқару жүйесіндегі жаңа өзгерістерге сәйкес өңірдегі әлеуметтік салаға жетекшілік ететін болады.

Еркін форматта өткен бейресми кездесуде өңірдің экологиясын жақсартып, қоғамдық-саяси ахуалын реттеп, руханиятын дамытуға айрықша басымдық беріліп, өңір халқының сұранысына сай бірін-бірі сабақтастырып, толықтырып отыратын іс-шаралар өткізілуіне ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді.

Жас ұрпақ бойында патриоттық рух қалыптастырып, білім беру ошақтарында ұлттық құндылықтарды насихаттау, балаларды еңбекке баулып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар өңірдің театрына үлкен көңіл бөліп, өнер ордасының бюджетін қарастырып, қаржылай қолдау көрсету қажеттілігі атап өтілді. Аймақтағы дарынды өнерпаздардың шығармашылығын шыңдап, қамқорлық таныту керектігі айтылды.
Медицина саласын ілгерілету мақсатында білікті кадрларды тарту, онкологиялық ауруларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, облыста санаторий салу, аймақ ардагерлері үшін белсенді өмір сүру орталығын ашып, әлеуметтік жеңілдіктер қарастыру мәселелері көтерілді.

Облыс әкімінің аппарат басшысы басқосуда көтерілген барлық ұсыныстар мен мәселелер ескерілетінін жеткізіп, алдағы уақытта осы бағыттағы бірлескен жұмыс жалғасатынын атап өтті.