Дүниеге дені сау бала келсін десеңіз…

Əйелдерге жүктілік кезінде болашақ сəбиінің дұрыс жетілуі үшін денсаулығын күтіп, дұрыс тамақтану, көңіл-күйінің қалыпта болуы – маңызды. Сонымен бірге, медициналық тексерулерден өтіп, дəрігердің бақылауында болуы шарт. Ендеше, бүгін жүкті əйелдер өтуі тиіс скринингтік тексерулер туралы тереңірек сөз қозғасақ.

Жүкті əйелдер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жəне міндетті əлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша медициналық қызмет алу үшін жүктіліктің он екі аптасына дейін өзі тіркелген емханаға медициналық есепке тұруға міндетті. Себебі, барлық генетикалық ауытқулар дəл осы кезеңде, 13 апта жəне алты күннен кешіктірілмей анықталады.
Бұл ультрадыбыстық жəне гормондарға веноздық қанның биохимиялық талдауынан тұратын 12 аптада өткізілетін бірінші скрининг — ұрықта Даун синдромы сияқты тұқым қуалайтын патологиялардың дамуының генетикалық қаупін бағалау үшін жасалады. Сонымен қатар, туылмаған нəрестенің денсаулығына жəне жүктіліктің нəтижесіне əсер ететін факторларды анықтайды. Сондай-ақ, есепке тұру кезінде жүкті əйел барлық тексеруден өтеді. Олар: жалпы зəр талдауы, жүкті əйелдер үшін қан тобы міндетті, мерез жұкпасына, АИТВ, В жəне С гепатиті инфекцияларына қан талдауы алынады. Осы талдаулардың кез келгеніне оң нəтиже болған жағдайда, дəрігердің кеңесі қажет. Процестің кезеңін нақтылау үшін қосымша зерттеулер жүргізу қажет болуы мүмкін. 16 аптада – əйел тексеруге келеді.
Жүкті əйел екінші скринингті жүктіліктің 19-20 аптасында өтуі тиіс. Осы кезеңде ұрықтың даму ақаулары анықталады. Мысалы, жүрек ауруы, несеп-жыныс жүйесі, асқазан-ішек жолдары, өкінішке орай, өмірге сəйкес келмейтін ақаулар бар. Соңғы жағдайда босану, яғни жүктілікті тоқтату мəселесі туындайды. Келесі бақылау 24-25 аптада. Осылайша, айына бір рет əйел адам тексерілуге келеді. Бұл бізге ұрықтың қалыпты дамып келе жатқанын анықтауға мүмкіндік береді, ол белгіленген мерзімге сəйкес келуін, жүрек соғысы естілуі жəне де ұрықтың қозғалысына сынақ жүргізіледі. Көрсет кіштерге сəйкес, 34 аптадан кейін ұрықтың КТГ жасаймыз, бұл ұрықтың жағдайын жүрек соғысының сипаты бойынша бағалаудың заманауи əдісі.
Үшінші скрининг 30 аптадан кейін жасалады. Мұнда басты назар судың мөлшеріне, атап айтқанда, судың көптігі немесе судың аздығы назарға алынады. Жүктіліктің 20-шы аптасында қойылған кейбір диагноздар, мысалы, бала жолдасының дұрыс орналаспауы — жақсы дамуы мүмкін екенін айтқым келеді. Бəріне белгілі, бала жолдасы дұрыс орналаспаса, əйелді кесарь тілігі жасауға дайындайды, себебі, қан кету қаупі болады. Егер 30 аптадабұл диагноз қайталанбаса, сəйкесінше диагноз жойылады жəне босану əдісі де өзгереді.
Еске сала кетейік, жұмыс істемейтін жүкті əйелдер қымбат диагностикалық зерттеулер мен тегін медициналық көмектің толық пакетін алуға құқылы. Себебі, олар міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің жеңілдік берілген санатына кіреді. Жұмыссыз жүкті əйелдер үшін сақтандыру қорына жарнаны ай сайын мемлекет аударады.
Ал еңбек етіп жүрген жүкті əйелдерге сақтандыру жарнасын жұмыс беруші төлейді. Тек декреттік демалысқа шыққан соң ғана медициналық қызмет ақысы мемлекет қарауына өтеді.
Мемлекет табысы жоқ əйелдерге тек босанғанға дейін ғана емес, одан кейін де қамқорлық жасайды – бала туылғаннан кейін «Үш жасқа толғанға дейін балаға (балаларға) күтім жасайтын, жұмыс істемейтін адамдар» санатында сақтандырылудың жеңілдікті мəртебесін алуға құқық береді. Жеңілдікті санат бойынша сақтандыруды алып, əйел МƏМС тізбесіне кіретін барлық медициналық қызметтерге қол жеткізе алады.
Егер қандайда бір медициналық ұйым болашақ аналарға қызмет көрсетуден бас тартса, онда олар əлеуметтік медициналық сақтандыру Қорына 1414 байланыс нөмірі арқылы хабарласып, шағымдана алады.

Жұмакүл МҰҚАНОВА,
Ұлытау селосының отбасылық дəрігерлік амбулаторияның акушері.