Түсіндіру жұмыстары – тиянақты

Ел тарихында тұңғыш рет өткелі тұрған маңызы бар қалалар мен аудандардың əкімдерін сайлауға байланысты Ұлытау ауданы орталығында семинар-кеңес өтті. Семинарға Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила МҰСТАФИНА, облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт БИТЕНОВА жəне аудан аумағындағы сайлау учаскелерінің төрағалары, орынбасарлары, хатшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Мұндағы мақсат — аудан əкімі сайлауының өзіндік тəртібін түсіндіру болды. Ең бастысы, сайлаушыларға елімізде алғаш рет өткелі тұрған қалалар мен аудандардың əкімдерін сайлау жəне осы үдерістерге белсене араласу жайында айтылды. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі С.Мұстафина бұл сайлаудың басқа сайлаулардан өзгешелігі жайында тəптіштеп түсіндірді.

Бұдан бөлек, сайлаушылардың құқықтары мен мүдделері негізінде кең ауқымда əңгіме өрбіді. Маңызды басқосуда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі С.Мұстафина қатысушылар тарапынан туындаған сауалдарға да орнықты əрі жүйелі жауаптар берді. Соңында семинарға қатысушылар түсіндірме жұмыстарын тиянақты жүргізген Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина мен облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Битеноваға байыпты əңгімелері үшін алғыстарын білдірді.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.