МҰҒАЛІМ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТУ ЖОЛЫНДА

Ұлытау облысының білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы төрағасы Марат Қоңырбаев пен Ұлытау облысының бас педагогі Сафура Сейдуәлиқызы Төлектегі 2023-2026 жылдарға арналған ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІК ТУРАЛЫ САЛАЛЫҚ КЕЛІСІМГЕ қол қойды.

Келісім Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы» Заңына, өзге де заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес жасалған.

Жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін айқындау және бекіту мақсатында жасалған маңызды құжатта білім және тәрбие беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және кәсіби мүдделерін қорғау, қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар қарастыру, оңтайлы еңбек жағдайларын жасау қаузалған.

Әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісім жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарын реттеудегі құқықтық акт болып қана қоймай, ұжымдар ішіндегі моральдық-психологиялық ахуалды реттеудегі, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды құрал екенін еске саламыз.

Еңбек адамының әл-ауқатын арттырып, беделін биіктетіп, абыройын асқақтатуға нақты жоспар құрған ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТЕР қол қою салтанатынан кейін саналы ғұмырын бала оқыту ісіне ардаған ұлағатты ұстаздарды «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» медалімен марапаттады.