Елінің ерен ері еді

Өмірдің қиын да қызық сəттерін елімен бірге өткеріп, саналы ғұмырында ерен еңбегі, еккен егіні, шынайы адалдығымен елге танылған азаматтардың бірі – қасиетті қарт Ұлытаудың ұлағатты ұланы, Ұлы Дала перзенті, əкем Мəжит АХМЕТБЕКҰЛЫ. Адамның тағдыры мен өмір жолын өзі ғұмыр кешкен замандағы халықтың тағдырынан бөліп алып зерделеу мүмкін емес. Сол халықтың арасынан шыққан, елімен етене ғұмыр кешкен, бар саналы ғұмырын Отан игілігі жолындағы адал қызметке арнаған əкемнің өмір өткелдері туралы жазбамды жерлестерінің назарына ұсынуды жөн санадым.

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері, дербес зейнеткер Мəжит Ахметбекұлы 1928 жылы наурыз айының 8-жұлдызында Кеңгір өзені бойындағы ата мекені Бименденің Көк үйінде дүниеге келді. Балалық шағы қазақ даласындағы үлкен дүрбелеңге, бозбала кезі екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне дөп келіп, елдің басына түскен қатал сынақты көрді. Соның ауыртпалығын жан-тəнімен сезініп, буыны ерте қатайды.
1941 жылдың 22 шілдесі күні атамыз Ахметбек «жапон тыңшысы» деген жалған айыппен қамауға алынып, əйгілі 58-бап негізінде халық жауы ретінде 10 жылға сотталады. Ал бар болғаны 14 жастағы əкем 1942 жылы Ұлытау ауданының Қызыл Коммуна колхозында 7-сыныпты бітіріп, Жезқазған руднигіндегі ФЗО мектебіне қабылданады. Оның алты айлық курсын 1943 жылдың ақпан айында электрик мамандығы бойынша тəмамдап, 15 жасында Жезқазған шахталарында еңбек жолын бастайды. 1944 жылдың соңына дейін ашық карьерлер – «Кресто-10», «Клубная» жəне №41 шахтада электрик, 1945-1946 жылдары «Покро» шахта басқармасына қарасты №29, 33 шахталарда жəне ашық карьер Златоускіде 7 разрядты аға электрик болып еңбек етеді. Сол жылдары кен өндіру орындарында шахта бастығы, ауысым бастығы, электрик, слесарь, лебедка жүргізушілері болып, қазақтың кең даласындағы лагерлерде жазасын өтеп жүрген адамдар жұмыс істеді. Оларды таң бозында əскермен айдап əкеліп, күн батқанда алып кетеді екен. Шахталарда буыны қатпаған жасөспірімдер тəулігіне 12 сағат бел жазбай еңбек етті. Арнайы көліктің болмауы себепті, поселкеден 5-6 шақырым жердегі жұмыс орындарына жаяу қатынады. Қиыншылыққа қарамастан, айлық, тоқсандық жоспарды артығымен орындап отырды.
Əкем 1946 жылдың тамыз айында Қазақ мемлекеттік университетінің оқуға шақыру қағазы бойынша Алматыға барып, дайындық курсына түседі. Алайда бір айдан кейін бала санының толмауына байланысты курс жабылып, Қаскелең ауданындағы Абай атындағы орта мектептің 10-сыныбына қабылданады. Интернатта жатып оқып, 1947 жылы оны алтын медальмен аяқтайды. Содан Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түседі.
Бұл кешегі қазақтың елдігін сақтап қалуға атсалысқан аға сұлтан Ерден батырдың тұқымы деген желеумен сотталған Ахметбек атамыздың Алматыдағы «Алатау» түрмесінде халық жауы ретінде жазасын өтеп, 10 жыл мерзімнің қалғаны қара жұмысқа ауыстырылып, Рудник поселкесіне оралған уақыты болатын. Əкемнің айтуынша, ауылға келудің сəті 3-курстан кейін ғана түсіпті. Ол институт қабырғасында спортпен (күрес, бокс) айналысып, 1948 жылы шілде айында қазақ күресінен Алматы қаласы бойынша чемпион атанады. 1948 жылғы тамызда күрестің осы түрінен өткен республикалық спартакиадаға 15 облыс пен Алматы қаласынан іріктелген 48 балуан қатысады. Бəсекелі сынға Алматының атынан түскен əкем қарсыластарын қирата жеңіп, республика чемпионы атанады. Ал 1949 жылы Орта Азия бойынша чемпиондықты иеленеді. Күрес өнері əкемнің айтуынша, өзінің де, елдің түкпір-түкпірінен білім қуып келген қазақ балаларының да аш-жалаңаш жүрмеуіне септігін тигізсе керек.
Институтты 1951 жылдың тамыз айында ғалым-агроном мамандығы бойынша үздік бітіргеннен кейін 1951-1953 жылдары Қарқаралы зооветтехникумында агрономия, өсімдік шаруашылығы, экономика жəне трактор, комбайн, автомашина пəндерінен сабақ беріп, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға үлес қосады. Содан кейін Қарағанды облыстық партия комитеті бюросының шешімі жəне ССРО Ауыл шаруашылығы министрінің 1953 жылғы сəуір айындағы бұйрығына сəйкес, Ұлытау ауданындағы МТС (машина-трактор станциясы) директоры қызметіне тағайындалады. Ол кезде аудандағы ірілендірілген сегіз колхоздың экономикалық жағдайы ауыр болатын. Колхозшылардың табысын арттырып, халықтың əл-ауқатын жақсарту мақсатында станцияға көп міндет жүктелді. Əр колхозда кемінде 300-400 гектардан жер жыртып, егін салу, өнімді жинау ісінде МТС механизаторларына зор жауапкершілік жүктелді. Бұл мəселенің түйінін тарқату үшін аудан басшылығымен келісе отырып, əр колхоздан озат жүргізушілерді жинап алып, МТС жанынан тракторист-комбайнерлер дайындайтын курс ашып оқытты. Аудан көлемінде егін салуға жарамды тың жерлерді анықтау мақсатында облыс, аудан басшыларымен келісе отырып, 1954 жылдың сəуір айында Алматы топырақтану институты мен Қарағанды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан жер құрылымын зерттейтін мамандарды шақырады. Бір ай бойы Алғабас, Қаракеңгір, Терісаққан, Қоскөл, Жалғызтал өңірлерін зерттеу қорытындысы бойынша «60 мың гектар жерге егін егуге болады» деген тұжырым жасалады. Бұл жерлерде кейін Урожайный, Терісаққан астық совхоздары ұйымдастырылды.
Əкеміз 1957 жылы МТС, колхоздар тарап, қайта құрылуына байланысты Қаракеңгір совхозында алты ай, одан кейін аудандық Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы испекциясында 1960 жылға дейін бас агроном, 1960-1962 жылдары аталған инспекцияның бастығы болады. 1962 жылдың ақпан айынан 1972 жылғы наурызға дейін Алғабас астық совхозының директоры қызметін атқарады. Сол кезеңдерде ол елге сүйіспеншілігін, текпен біткен табиғи қайратын, тəжірибемен тоғысқан білімін халық игілігі жолындағы қызметке тоғыстыра білді.
Алғабас совхозында 1962-1966 жылдары 22 гектар тың көтеріліп, егін салынды. Ірі қара 500 бастан 1 800 басқа, қой 5 800 бастан 18 000 басқа, жылқы 480 бастан 2 200 басқа жеткізілді. Сол жылдары 120 тұрғын үй, монша, дүкен, асхана, наубайхана, кеңсе, 150 орындық жатақхана, 300 орындық клуб, МТМ, гараж, электрстанциясы, 2000 тонналық астық қоймасы, 19 мал қорасы жəне совхоз орталығынан 50 кереуеттік аурухана салынды. Құрылыс материалдарынан, тракторист, комбайнер, жұмысшы күшінен маусымдық науқан кездерінде Жезқазған кен-металлургия комбинаты көмек көрсетті. Совхоз көрсеткіштері бойынша Қарағанды облысында алдыңғы қатардағы шаруашылыққа айналып, бірнеше дүркін Қазақстан Орталық партия комитетімен Министрлер Советінің жəне КПСС Орталық комитеті мен Министрлер Советінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алды. Мемлекетке астық сату жоспары артығымен орындалып отырды. Бұған қоса совхозға Жезді ауданының совхоздарын жем-комбикорммен қамтамасыз етіп отыру міндеттелді. 3-4 жылда төрт танапта егіс жүйесін игеру нəтижесінде əр гектардан алынатын дақыл түсімі көбейді. Халық несібесіне бітік шыққан бидайының əр дəні əкемнің жұмаққа барар жолында алтын көпір болып жарқырап жатары даусыз.
Əкеміз білім мен ғылымның озық нəтижелерін егін егу барысында жан-жақты қолдана білді. Алайда қорғауға дайын тұрған кандидаттық диссертациясы 1967 жылғы ауыр жол апатынан кейін аяқсыз қалды.
Ол Жезқазған облысы құрылғаннан кейінгі жаңа қызметінде 1973-1975 жылдары Ұлытау, Жезді, Жаңаарқа аудандарында тоған, бөгеттер салынуына жəне бірнеше жүздеген құдық, скважиналар қазылып, мал жайылымдары суландырылуына, шопандардың ауыз сумен қамтамасыз етілуіне өз үлесін қосты. Егінді совхозының орталығынан үлкен тоған, Аманкелді совхозында «Кененбай» су қоймасы салынып, көкөніс, малға азықтық сүрлем егулеріне мүмкіндік жасалды. Сарысу, Жетіқоңыр, Байқоңыр совхоздарындағы лимандар жыл сайын жөндеуден өткізіліп, лиманның əр гектарынан 15-20 центнерден мал азығы дайындалды. Жезді ауданының «Пионер», «Өрнек» учаскелерінде тоған салынып, суармалы егіс көлемі арта түсті.
1981-1983 жылдары Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1983-1985 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында өсімдік шаруашылығы жəне оны суландыру бөлімінің бастығы, ал 1985-1989 жылдары Ұлытау аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары болды. 1988 жылы 60 жасқа толуына байланысты дербес зейнеткерлікке шықса да 1989-1994 жылдары Ұлытау ауданында бас агроном қызметін атқарды. 1994 жылы аудандық мəслихат депутаты болып сайланып, тексеру комиссиясының төрағасы болды. Онда 1998 жылдың соңына дейін абыройлы қызмет етті.
Əкеміздің 70 жас мерейтойы аудан көлемінде аталып өтті. 1998 жылы Ұлытау аудандық мəслихаты сессиясының шешімімен Ұлытау ауданының Құрметті азаматы атанып, №1 куəлікті иеленді. Бар саналы ғұмырын халқына адал еңбек етуге сарп еткен таудай биік тұлға үшін бұдан асқан марапат керек емес еді. Ол 1998-2000 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болып, 73 жасқа келгенше Отанына адал қызмет етті.
Əкемнің толық еңбек өтілі – 57 жыл (1943- 2000 ж.ж.). «Ақ бидайдың академигі» атанып, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталып, Алғыс хаттарын алды.
Аяулы анамыз Зейінжан Төрежанқызымен 1955 жылы шаңырақ құрып, бес ұл, бес қыз тəрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере-шөбере сүйді. 2005 жылы «Алтын тойлары» халықтың, ұрпағының, туған-туысқанның ортасында тойланды.
Қасиетті Ұлытаудың топырағынан жаралған нар тұлғалар аз емес, солардың қатарында ақ бидайын бітік өсіріп, саналы ғұмырын ел игілігіне сарп еткен адал да еңбекқор Мəжит Ахметбекұлының болуы – ұрпақтары үшін зор мақтаныш!..

Асхат МƏЖИТҰЛЫ.

АЛМАТЫ қаласы.