Діни білімді дәстүрмен ұштастыра отырып беруге бола ма?

Еліміздегі діни ахуал күн өткен сайын күрделеніп келеді. Осыған байланысты күнделікті қоғамдық қатынастарда діни ұстанымның ерекшеліктері мен əртүрлі қырлары жарыққа шығып жатыр. Дінді ұстанушылардың қатары молайған сайын қоғамдық ортада жағымды-жағымсыз пікірлер туындап, қарама-қайшылықтар, отбасылық өмірдегі кикілжіңдер, діни түсініктердегі алшақтықтар белең алуда. Егер, əлем елдеріндегі осы діни ұстаным мен қарым-қатынастарға байланысты қайшылықтарды назарға алар болсақ, діни алауыздық пен бөлінушіліктің зардабы орасан болатындығына көз жеткізуге болады. Осы мəселелерге назар сала отырып діннің қоғамдық қатынастардағы, мемлекеттік саясаттағы, білім беру саласындағы басым бағыттардың бірі екендігін мойындауға тура келеді.

Еліміздің тəуелсіздік алуымен ислам дінін дəріптеушілердің пікір қайшылықтарына ұшырауының басты себептерінің бірі халықтың дəстүрін (дəстүрлі ислам) жəне дін түсінігін өздерінше бағалаудан туындап отыр деуге негіз бар. Бұл тақырыптың маңыздылығы, халықтың тұтастығы мен бірлігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын діни көзқарастың бірыңғай орнығуы мəселесі. Негізгі сұраққа жауап беру үшін алдымен төмендегідей сұрақтарға жауап беру қажет.

  1. Қазақ халқының салт-дəстүріндегі исламның орны қаншалықты?
  2. Осы уақытқа дейін халық арасында діни қайшылықтың туындамау себептері не?

Исламның Қазақ халқының өмірінен орын ала бастағанына XII-ғасырға жуық уақыт өтті. Əлемдегі барша мұсылмандар ардақ тұтатын қасиетті Құранда Алла Тағала: «Мен адамдарды бірін-бірі тануы үшін ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттым» (Хужурат сүресі 13-аят) — дейді. Демек, Алланың тікелей пəрменімен жер бетіндегі адамзаттың ұлтқа бөліну үрдісі жүзеге асқан. Ал ұлт сөзінің атрибутына келер болсақ оның өзіндік параметрлері бар. Мəселен, бір ұлт екінші бір ұлттан дербес тілі, дəстүрі мен мəдениетінің болуымен ерекшеленеді. Ал Мұхаммед Пайғамбар: «Егер кез-келген ұлттың өзіндік дəстүрі мен ғұрыптары Құран мен хадистерге қайшы келмейтін болса, онда оны ұстануға толықтай рұқсат беріледі»,- деген [1]. Қазақ халқы ұстанып келе жатқан Ханафилік көзқараста да халықтың ғұрпы, егер діни дəйектемелерге қарсы келмеген жағдайда, дəлел ретінде алынатындығы белгілі.

Қазіргі таңда жасыратыны жоқ Қазақстан аумағына таралып жатқан исламның дəстүрлі емес ағымдары сан ғасырлық ата-баба мұрасы мен қазақы салт-дəстүрді жиі сынауда. Олар ата-баба басына зиярат ету, кез-келген ұлттық дəстүрлі ерекшеліктерге қарсы шығып жатыр. Олар ислам дінінде айтылмайтын, бірақ қазақы дəстүрде сақталып келген əдет-ғұрыптарды дінсіздікке балап, осы арқылы ата тарихымызға қиянат жасап отыр. Бұл тек қиянат қана емес, елдің ішінде араздыққа, таласқа себеп болуда. Тіпті бүлікшілерге кей кездері қазақтың ежелден мұсылман болғанын дəлелдеуге тура келуде.

Енді негізгі сұраққа жауап беретін болсақ, діни білімді дəстүрмен ұштастыра отырып берудің негізгі артықшылықтары:

  • Дəстүрлі дін ұстанушылар арасында радикалды көзқарас иелерінің шығуының алдын алады;
  • Халықтың рухани бірлігін нығайтуға ұлес қосады;
  • Дəстүр мен діннің ерекшеліктерін түсіндіре білетін мамандар шыға бастайды;
  • Теріс ағым өкілдерінің дəстүрге шабуылына жауап бере алатын мамандар қалыптасады т.б.

Елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқ. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни-рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың да зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың жəне бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Діни сауатсыздықтан құтылу үшін дінге бет бұрғандар да дəстүрден жырақ дін формасына жабысып, елдің ішін алатайдай бүлдіруде.

Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеу, дəстүрмен сабақтастыра алмау, дəстүрге діни ревизия жасауды айтуға болады. Сондықтан да Қазақстаның тұңғыш президенті Н.Назарбаев: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» – дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік, салт-дəстүрді менсінбеушілік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған, қалыптастырған дүниетанымы мен салт-санасымен қатар меңгергені дұрыс.

 Тышхан КЕҢШІЛІК,

 дінтанушы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының меңгерушісі, филос. ғ.к.