Шағын несиенің шырғалаңы көп
Елімізде несие қамытын мойынға іліп, қарызға батқан тұрғын көп. Ертеректе «несиені жабу үшін несие алыпты» деген сөз əзіл ретінде айтылатын. Ал бүгінде ащы шындыққа айналып үлгерген. Қымбатшылық бүйірден қысқан тұста қаржылық сауаттылығы төмен жұрт қысылтаяңнан шығу жолын тағы да қарыз алу деп ұғады.Толығырақ тарқатсақ…
ҚАРЫЗ КӨЛЕМІ АРТТЫ
Ұлттық Банк дерегінше, биылғы жылдың 1 қыркүйегінде елде мерзімі өткен (90 күннен кешіктірілген) борыш сомасы 786,7 млрд. теңгені құрапты. Бұл дегеніміз жыл басындағы көрсеткіштен 17,6%- ға жоғары.
Иə, елдегі проблемалық несие үлесінің артуына билік те алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл бағытта бірқатар кешенді шара да қабылданды. Соның бірі – қазан айының бірінен бастап қарыз беру шарттарын қиындату. Қаржыгерлердің айтуынша, жұрттың дені бір мезетте бірнеше ұйымнан несие сұрап өтініш береді екен. Ал Бірінші кредиттік бюроға мəліметтер кеш түсетіндіктен, қаржы ұйымдары тұтынушының төлем қабілеті туралы толыққанды ақпаратты уақытылы ала алмайды. Сондықтан, жаңа енгізілген тəртіп бойынша, қаржы ұйымдары борышкер туралы ақпаратты қарыз берілген сəтте бірден кредиттік бюроға жолдауы тиіс. Бұл – борышкерлер санын түбегейлі азайтпаса да, біршама оң ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар қарыз төлеу қабілеті жоқ жеке тұлғалар банкрот жариялап қаржылық тұңғиықтан шыға алады.
Əйтсе де əзірге бұл əрекеттер нақты себеппен емес, салдармен күресу тəрізді көрінеді. Өйткені қарызға батқан елдің көпшілігі бұл қадамға əлеуметтік ахуалдың нашарлығы мен тоқтаусыз үдеп бара жатқан қымбатшылық салдарынан барған
БОРЫШКЕРДІҢ МҰҢ-ЗАРЫ
Мақаланы əзірлеу барысында қарағандылық Сəкен Жолдасбек (аты-жөні өзгертілді) есімді азаматпен тілдескен едік. Кейіпкеріміз үшін 2022 жыл қаржылық тұрғыда қиындыққа толы болыпты. Айтуынша, жыл басындағы «Қаңтар қырғыны» бұл азаматтың өміріне жанама əсерін тигізген. Елде төтенше жағдай режимі аяқталғанша, көптеген мекеме айлық төлемді кешіктірді, дəл осы кезеңде тұрмыстық қажеттілік үшін шағын қаржы ұйымдарына жүгініп, жалақыға дейін қарыз алған. Əйтсе де айлығы түскен тұста басқа мəселелер туындап, қарызды толық жауып тастай алмай, мерзімін ұзартып қояды. Айлығы жырымдалған соң оңа ма, аз уақыттан соң тағы да ақша қажет болып, басқа мекеменің табалдырығын аттаған. Осылайша айналдырған бірнеше айдың ішінде үш бірдей шағын қаржы ұйымынан жалпы сомасы 650 мың теңге көлемінде қарыз алады. Бұдан бөлек екінші деңгейлі банктерде ай сайын 250 мың теңге төлейтін несиесі тағы бар. Тағдыр бір айналдырғанды шыр айналдырмай қойсын ба, жаз маусымы басталар жеке мəселелеріне байланысты жұмысынан қысқарып қалып, екі айдың көлемінде бос жүріп қалған. Осы кезеңде қарыз көлемі де өсіп, өзі де шырғалаңнан шыға алмай əбден сарсаңға түседі.
– Өзімді қаржылық тұрғыда сауатты азамат санайтын едім. Жалақыға дейін делінетін несиелердің көлемі шағын болғандықтан, төлеп тастау оңай тəрізді көрінді. Бірақ өмірде түрлі келеңсіз жағдай болып тұрады ғой. Мен де сондай қиындыққа тап болып, уақытылы төлей алмай қалдым. Салдарынан қарызым еселеп артып, құтылу мүмкіндігі алыстап кетті. Иə, жаңа жұмысымда жалақым жақсы. Бірақ оның басым бөлігі екінші деңгейлі банктер алдындағы борышты өтеуге кетеді. Қалған азғантай ақшаға күн көріп отырмыз. Егер оны да қарыз жабуға жұмсайтын болсам, онда қалай өмір сүремін? – дейді Сəкен Жолдасбек.
Иə, бұл – тек бір адамның ғана басындағы мəселе. Ал өзінің мүмкіндігін ескермей, несие қамытын мойынға іліп қиналып жүрген азамат қанша? Қайтпек керек? Тығырықтан шығудың жолы бар ма?
ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ?
Кейіпкермен тілдескен соң редакция атынан заңгерлерге хабарласып, кеңес сұраған едік. Адвокат Юлия Усельбаева тығырықтан шығар жолды нұсқады. Яғни шағын қаржы ұйымдарына борышкердің қарызды толық көлемде төлей алмайтыны, сондықтан 6 ай ішінде бөліп төлеуге рұқсат сұрап хат жазылды. Бұл хатқа қосымша борышкердің төлем қабілеті жоғын дəлелдейтін анықтамалар мен кредиттік тарихы ұсынылды. Нəтижесінде кейіпкеріміз несие алған шағын қаржы ұйымының екеуі қарызды 6 айға бөліп төлеуге келісті. Ал үшінші ұйым 2 бөліп төлеуге рұқсат берді. Иə, бұл жағдай кейіпкеріміздің жағдайын түбегейлі жақсартып жіберген жоқ. Əйтсе де қаржылық қиындық тұңғиығынан шығуға деген үміт сыйлағаны анық.
– Шыны керек, қарызды қалай төлеймін деп басым қатып, күйзеліске түсіп кетіп едім. Күйзеліске түскен адамның асқа тəбеті, жұмысқа ынтасы болмайды ғой. Кейінгі бірнеше айда дел-сал күй кешіп, қиындық үстіне қиындық жамай бердік. Шүкір. Қазір жағдай өзгеріп келеді. Пайыздық үстеме тоқтатылды. Яғни негізгі борыш сомасын ғана төлеуім керек. Алты ай деген – аз уақыт қой. Қосымша жұмыс тауып төлеп құтылармын, – дейді кейіпкеріміз Сəкен Жолдасбек
Ал, адвокаттың айтуынша, елдегі борышкерлердің көпшілігі қаржылық тұрғыда ғана емес, құқықтық жағынан да сауатсыз келеді екен. Сондықтан несиені уақытылы төлей алмай қалса, телефон тұтқасын көтеруден қашып, өзінен-өзі қуыстанып жүреді. Ал мəселеден қашу одан құтқармайды. Қайта жағдайдың одан əрі күрделенуіне ықпал етеді екен. Сондықтан борышкерлердің қиындыққа тап болған жағдайда кредиторлармен ортақ мəмілеге келіп, мəселені келісім арқылы шешуге тырысқаны жөн.
– Көп жағдайда коллекторлар борышкерге қоңырау шалу кезінде қарызды өндіріп алу үшін қара аспанды төндіруі мүмкін. Егер борышкер өз құқығын білсе, мұндай бопсалауға көнбейді. Қайта тығырықтан шығар жол іздейді. Сондықтан қаржы ұйымдарынан қарыз төлеу уақытын шегеруді немесе арнайы кесте бойынша бөліп төлеуді сұрауы керек. Қаржы ұйымдары үшін де проблемалық несиенің қайтқаны маңызды. Сондықтан олар өздеріне де, борышкерге де тиімді шарт қоя отырып, ортақ мəмілеге келу жолын іздейді, – дейді адвокат Юлия Усельбаева.
ТҮЙІН
Иə, адам несие алған кезде борышкер атанып, қарызға батамын деп ойламайды. Десекте тіршілікте түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан қарыз аларда оны міндетті түрде қайтару қажет екенін ескерген абзал. Əсіресе шағын несие беру ұйымдарының шарттары сырт көзге тиімді көрінгенімен, кейін көптеген қиындыққа алып келуі мүмкін. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін несие келісімшартын мұқият оқып, форс-мажор жағдайдан шығу жолдарын бірге қарастырыңыз. Ал егер қарызға батып, қаржылық қиындықтан шығудың оңтайлы жолын таппасаңыз, кəсіби мамандардың, білікті заңгерлердің көмегіне жүгінгеннің əбестігі жоқ. Өйткені Қазақстан заңнамасы бірінші кезекте қарапайым тұрғындардың, тұтынушының құқығын қорғауға бағытталған.
Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ