БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЖАҢА АЛАҢ

Ұлытау облысының орталығындағы «Металлург» стадионының алаңы стандартты талаптарға сәйкес жаңартылып, аяқ доп ойыншыларының игілігіне берілді. Арнайы орын ҚР Футбол федерациясының «АLAN» жобасының арқасында әлемдік стандарттар талаптарына сәйкес келетін деңгейде жөндеуден өтті. Ашылу салтанатына қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков федерация президенті Әділет Бәрменқұловқа алғысын жеткізді.

«Бұл алаңның біздің өңіріміз үшін маңызы ерекше. Себебі бұл – 60 жылдық тарихы бар айрықша орын. Біздің мақтанышымыз, «Ulytau» футбол клубының ойыншылары енді FIFA-ның барлық заманауи стандартына сәйкес футбол алаңында матч өткізіп, жаттығу жасайтын болады», – деді өңір басшысы өз құттықтауында.

Жаңа алаң жоғары деңгейде қалалық, облыстық, республикалық жарыстарды, Премьер-лига ойындарын өткізуге арналған заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Ашылу салтанатына Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, Ұлытау облысы футбол федерациясының президенті Ғалым Нұржанов, «АLAN» жобасының бренд амбассадоры Самат Смақов, Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәулен, «Ұлытау» ФК-ның президенті Талғат Байсуфинов арнайы қатысты.

Айта кетейік, іс-шараның салтанатты бөлігінен кейін, қонақтардың қатысуымен арнайы рәсім – қақпаға гол салу ұйымдастырылды.