Жезді кентінің жаңа келбеті: тұрғындар сұранысымен кіреберіс арка бой көтеруде

Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жұмыс сапары барысында Жезді кентіне кіреберісте салынып жатқан арканың құрылысымен танысты.

Аталған жоба тұрғындардың ұсынысы негізінде жүзеге асырылуда. Кенттің сәулеттік келбетін айшықтайтын нысанның ені – 9,3 метр (конструкциясының жалпы ені – 10,4 метр), биіктігі – 7,2 метр.

Өңір басшысы құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, арканың заман талабына сай, көрнекі әрі ұзақ жылдар бойы қызмет ететін сапалы нысан болуы керектігін атап өтті. Сондай-ақ мердігер ұйымға жұмысты белгіленген мерзімде толық аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған. Жоба толық іске асқаннан кейін жаңа арка Жезді кентінің көркіне көрік қосып, елді мекеннің өзіндік сәулеттік келбетін айқындайтын маңызды нысандардың біріне айналады.