Желіп жетті жетпісім…

Туған күн ғой жататұғын жылда кеп,
Жылдағыдан биыл өзге бұл ғадет.
Жатыр жұртым 70-іммен құттықтап,
Мен отырмын «өтірік пе, шын ба?» деп.
Жақсы адамның деме аты арымас,
Жан едім ғой жамандыққа жаны қас.
«70-ке мен келдім бе, – деп, шынымен?»
Өзіме өзім сенбей тұрмын әлі, рас.
Өмір-өзен жатқан ағып арналы,
Әрбір жастың болады өз салмағы.
Көрінуші ед Төле бидей төрдегі,
Бұрынғының бұл жастағы шалдары.
Мен туған ай – сәуір, көкек, апрель,
Әр он жасты елміз сынақ-саты дер.
Отызымда орда бұза алдым ба,
Алпысымда сұрады ма ақыл ел?
Жылқы жылдың жерді тарпып тұлпары,
70 жастың желпіндіріп тұр таңы.
Туған жердің туын ұстап жоғары,
Ұлытауымның бола алдым ба ұлтаны?
Жеткен жастың жайында ғой әңгіме,
Бес күн жалған сыйластықпен сәнді ме?
Ере алдым ба келешектің көшіне,
Бере алдым ба ұрпағыма тәрбие?
Аяз бидің есіме алып тұмағын,
Аспай-таспай, тәубеме кеп тұрамын.
Жаға алдым ба Ыбырайдың шырағын? –
Мамандығым еді менің мұғалім.
Өмір – өзен, көрдік небір көпірін,
«Дәридайлап» жетті елге жеке үнім.
60-ымда жағам болған алты ағам,
70-імде тыныс болсын жеті інім.
Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ.
