«Таза аула және ағаш егу» акциясы өтті

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ұлытау ауданында «Таза аула және ағаш егу» акциясы ұйымдастырылды. Бұл игі шараға аудан басшысы да қатысып, ағаш отырғызу жұмыстарына белсене атсалысты. Акция барысында ауданның білім беру ұйымдары мен мекемелерінің аумақтарында жас көшеттер отырғызылып, қоршаған ортаны жақсарту бағытындағы маңызды жұмыстар жүргізілді.

Акцияның негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендердің көркеюіне үлес қосу және табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау болды. Ұлытау ауданында өткен шараға ауданның барлық мекемелері, кент және ауылдық округі аппаратының қызметкерлері, сондай-ақ жастар мен түрлі ұйым өкілдері белсене қатысты. Олар бөлінген аумақтар мен көшелерде тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізіп, жасыл желек отырғызу жұмыстарын атқарды.
Жалпы, сенбілікке аудан көлемінде 130 ұжымнан 1320 адам қатысты. Шараның ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере отырып, 22 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 43 гектар аумақ тазартылып, 1087 түп ағаш отырғызылды. Сондай-ақ, 70 дана тал бұтақтары кесіліп, аумақ ретке келтірілді. Бұл жұмыстар табиғаттың қайта қалпына келуі мен экологиялық баланстың сақталуына оң ықпал ететін болады.
«Таза аула және ағаш егу» акциясы тұрғындар мен жастарды экология мәселесіне бейжай қарамауға, туған жердің тазалығы мен жасыл желегін арттыруға шақыруды көздеді. Мұндай шаралар адамдардың экологиялық мәдениетін көтеріп, табиғатқа деген жанашырлық сезімін қалыптастырады. Аудан тұрғындары осы шара арқылы өздерінің қоршаған ортаға деген жауапкершілігін сезініп, бірлесіп жұмыс істей отырып, туған жердің көркеюіне атсалысты.
Ауданда өткен бұл шара экологиялық сана-сезімді көтеру, жасыл желекпен аумақтарды көркейту бағытында жасалған қадамдардың бірі ғана. Әкімдік алдағы уақытта да осындай шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, экологиялық мәдениетті әрі қарай дамытуға күш салатындығын атап өтті.

Аманкелді АҚШАЛ.