«Талибан» қайда және қалай пайда болды?
«Талибан» ұйымы қайда жəне қалай пайда болды? Олар мұсылман ба? Мұсылман болса, қай мəзһабты ұстанады? Олардың шығу тарихы туралы не айтасыз? «Талибан» араб тілінде «талиб» – ізденуші, шəкірт мағынасын білдіреді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Кеңес үкіметі коммунистік идеологияның аясын кеңейту мақсатымен Ауғанстанға басып кірді. Кеңес əскері коммунистік идеологияны қолдамаған дін адамдарын аяусыз қырып жойды. Осы кезде босқын болып Пəкістан жеріне қашқан Ауған жеткіншектері Пешевардағы Диобенттік бағыттағы Хаккани медресесінде білім алады.
Диобенттік мектеп – фиқһта ханафи мəзһабы, ақида даматруди мектебін ұстанады. Үндістанның Деобенд қалашығында 1866 жылы Рашид Ахмед Гангуһи жəне Мұхаммед Қасым Нанутеби құрған бұл мектеп ағылшын империализміне қарсы құрылған. Алайда, қозғалыс мүшелері ислам шариғатын қатқыл ұстануымен ерекшеленеді. Осы Деобенттік бағыттағы Хаккани медресесінде білім алған пуштун жастары (тəліптер) 1989 жылы Кеңес Үкіметінің əскері кері шегінгенде, Ауғанстанның ішкі саясатына араласа бастады.
Тəліптер өздерін «Алланың шəкірттеріміз» деп атайды. Олар таза шариғатты ұстану арқылы Ауғанстанда ислам мемлекетін құруды көздейді. Əйткенмен, халықаралық сарапшылардың көпшілігі Хаккани медресесінің артында АҚШ саяси технологтары тұр деп біледі.
Кеңес Үкіметі Ауғанстанды қанға бояп жатқанда, АҚШ қашқын жастардың басын біріктіріп, оларды діни идеологиялық тұрғыдан коммунистік билікке қарсы тəрбиелеу үшін Пəкістандағы Хаккани медресесін қаржыландырған. Тəліптер өсіп жетіле бастағанда, оларды қару-жарақпен һəм қаржымен қамтамасыз етіп, Ауғанстан саясатына араласуға үндеген. Кеңес Үкіметінің əскері 1989 жылы Ауған жерін тастап шыққаннан кейін билік басына келген моджахедтер мен тəліптердің арақатынасына жік түсіп, екітарап бірбірімен соғысуға мəжбүр болды.
Пуштун тəліптері 1995 жылы Ауғанстанның басым көпшілігін жаулап алды. Оларға Деобенттік мектептің өкілі Мохаммад Омар жетекшілік жасады. Əу баста Мохаммад Омар Қандағар қаласын тəліп қозғаласының орталығы етті. Кейін 1996 жылы Кабул қаласын басып алып, тəліптер Ауғанстан билігін қолына алды.
Мохаммад Омар Ауғанстандағы мемлекет жүйесін ислам шариғатына сай құрғысы келді. Мемлекеттің ең жоғарғы билік институты – «Ислам Шурасы» болды. Ал, мемлекет əмірі болып Мохаммад Омардың өзі сайланды.
Тəліптер билікке келе салып, қоғамдық қатынастарды ислам шариғатына сай реттейтін саяси жүйені енгізді. Ислам өмір салтынан өзге үлгілерді немесе зайырлы құндылықтарды тұтыну қылмыс болып есептелді. Қыздар мен əйелдер ниқаб киюге міндеттелді. Оладың қоғамда жұмыс істеуіне шектеу қойылды. Теле-радио жұмысына, музыка тыңдауға үзілді-кесілді тыйым салынды. Жалпы, ислам мəдениетіне жат саналған барлық құндылықтар харам деп есептеліп, оны тұтынған немесе жасаған адамдар қатаң жазаланды. Тəліп үкіметі Бамиан аңғарындағы II-V ғасырларда жасалған алып Будда ескерткіштерін қиратумен күллі əлемді үрейлендірді.
2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейін Əл-Кайда жетекшісі Усама бен Ладен Ауғанстанды келіп паналады. АҚШ үкіметі Ауғанстан басшысы Мохаммад Омардан Усама бен Ладенді ұстап беруді сұрағанмен, ол бұл ұсынысты қанағаттандырған жоқ. Нəтижесінде АҚШ жəне «Солтүстік Альянс» əскери күштері 2003 жылы Ауғанстан жеріне басып кіріп, тəліптерді биліктен тайдырды.
Мұхан ИСАХАН.