Тал көшеттерін отырғызды
Ұлытау аудандық мәслихаты аппаратының қызметкерлері мен депутаттар корпусының өкілдері аудан орталығындағы «Кетбұқа» аллеясына 10 түп тал көшеттерін отырғызды.
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы жалпы қоғамның таза әрі тұрақты табиғи орта құру бағытындағы күш-жігерін бір арнаға тоғыстыруды мақсат тұтатыны белгілі. Бұл жай ұран емес, елдегі өзекті экологиялық мәселелердің түйінін түбегейлі тарқатуды көздейтін кешенді бағдарлама. Ол кең ауқымды іс-шаралар тізбегін қамтиды, соның бірі – жасыл желек санын мейлінше ұлғайту, яғни ағаш отырғызу. Ал ортақ мүдделі істің бел ортасынан табылу – азаматтық парыз,– деді ізгі ниетті іске кірісер сәттегі лебізінде мәслихат төрағасы Ахат Құрмансейітов.
Халық қалаулылары мен аппарат қызметкерлері өздері еккен тал көшеттерін тамырланып, жапырақ жайғанша күтіп-баптау жұмыстарын мойындарына алу жөнінде бәтуаласты.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.