ӨРЕСІ БИІК ӨНЕР ИЕСІ

Мәдениет – ел руханиятының негізі, ұлттың өткені мен болашағының алтын көпірі. Ал осы қасиетті салада қызмет ету – үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Осы ұлы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – Ұлытау ауданы, Байқоңыр ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері Алмас МАЕКЕНОВ.

Алмас Жақыпұлы 1987 жылдың 6 сәуірінде Ұлытау облысы, Ұлытау ауданына қарасты Байқоңыр ауылында дүниеге келді. Туған өлкесінің топырағына кіндік қаны тамған бала кезінен ол өнерге, ұлттық дәстүр мен мәдениетке жақын болып өсті.
Білім жолын 1993 жылы Байқоңыр ауылының №17 жалпы білім беретін мектебінің табалдырығын аттаудан бастаған ол 2004 жылы 11-сыныпты аяқтап, үлкен өмірге жолдама алды. Ел алдындағы азаматтық борышын өтеу мақсатында 2005 жылы әскер қатарына шақырылып, 2007 жылы абыроймен әскери борышын өтеп шықты.
2007 жылы Алмас Маекенов «Жезқазған Бизнес және көлік колледжі» ЖММ-не қабылданып, 2010 жылы диплом алып шықты. Бірақ нағыз өмірлік жолын ол 2012 жылы таңдады – туған ауылындағы Байқоңыр селолық Мәдениет үйіне әдіскер болып қабылданып, бүгінгі күнге дейін осы қызметте еңбек етіп келеді.
Алмас Жақыпұлы – тек өз міндетін адал атқарып қана қоймай, мәдени шаралардың жанашыры, ауыл тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандыру жолында тынымсыз еңбек етіп жүрген шынайы мәдениет жанашыры. Оның ұйымдастыруымен өткен түрлі ауылдық мерекелік кештер, дәстүрлі концерттер мен шығармашылық байқаулар – ауыл өмірінің сәні мен мәніне айналды. Осы адал еңбегі мен кәсібіне деген сүйіспеншілігі үшін ол бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Атап айтсақ, 2013 жылы алған – «Үздік әдіскер» номинациясы, 2016 жылы алған аудан әкімінің Алғыс хаты, 2017 жылғы ауыл әкімінің марапаты, 2019 жылы алған «Үздік мәдениет қызметкері» номинациясы оның осы еселі еңбектерінің бағасы десек, 2023 жылы – Алматы қаласында өткен салтанатты рәсімде «Үздік мәдениет қызметкері» медалімен марапатталды. Сол жылы Астана қаласында «Жылдың үздік маманы» номинациясына ие болды.
Бұл марапаттар – оның қажырлы еңбегінің, шығармашылық ізденісінің және ауыл халқымен етене жұмыс істеудегі шынайы байланысының нақты көрінісі.
Алмас Маекенов – мәдениет саласында ғана емес, жалпы ауыл өмірінде белсенді азамат. Түрлі қоғамдық бастамалар мен ауылдағы игі істердің бел ортасында жүреді. Жастарға үлгі, үлкендерге сыйлы, әріптестеріне сенімді тірек бола білген маман.
Мәдениет пен өнер қызметкерлері күні қарсаңында осындай ел үшін еңбек етіп жүрген азаматтарды таныстыру – біздің парызымыз. Себебі олардың еңбегі – сахна сыртындағы көрінбейтін, бірақ елдің рухани өмірін өрге сүйреп келе жатқан үлкен күш.
Алмас Жақыпұлы сынды білікті әдіскерлердің арқасында ауыл мәдениеті жаңғырып, ұрпақ тәрбиесі де өрелі болуда. Оның болашақта да шығармашылығы өрістеп, кәсіби жетістіктері арта берсін деген тілек білдіреміз.
Мәдениет – мәңгілік мұра, ал оны жеткізер тұлғалар – нағыз еңбек ерлері. Алмас Маекенов – солардың қатарында.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.

Байқоңыр ауылы.