Жастар форумы: цифрлық болашаққа қадам
Жезқазған қаласында өткен өңірлік жастар форумы өңір жастарына жаңа мүмкіндіктердің көкжиегін ашып, заман талабына сай дамудың маңызды бастамасы болды. Ұлытау облысы әкімдігі мен «Ауыл» партиясының өңірлік филиалы қолдауымен ұйымдастырылған бұл шара жастарды цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы соңғы трендтермен таныстырып, олардың білімдері мен дағдыларын жетілдіруге бағытталған мазмұнды бағдарламалармен толықты.

Форумның ашылуы сән-салтанатпен өтті. Ауыл партиясының «AuylAI» жасанды интеллект бағдарламасының таныстырылымы шараның алғашқы қадамы болды. Бұдан кейін сөз тізгінін модератор, облыстық мәдени-сауық және шығармашылық ғылыми-әдістемелік орталығының іс-шара ұйымдастырушысы Ақерке Кәрімова алды.
Форумның ресми блогында облыстық Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев, «Ауыл» партиясы Орталық аппарат басшысының орынбасары Нұрхат Оршат, облыстық мәдениет және ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Қаламқас Әбдуалива, «Ауыл» партиясы Ұлытау облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы Абзал Жиенбаев сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы орны мен рөлі, сондай-ақ, бүгінгі шараның маңыздылығы жайында ой бөлісті.
Шара барысында Ұлытау ауданынан 30 жас қатысты. Олардың ішінде бірнеше белсенді жас республикалық «Ауыл» партиясы төрағасының және облыстық қоғамдық даму басқармасының Алғыс хатымен марапатталып, жаңа партия мүшелеріне партиялық билеттер мен төсбелгілер табысталды. Бұл жастардың ел мен қоғамға деген жауапкершіліктерін сезініп, саяси өмірде белсенді қатысуға мотивация берді.

Форумның басты тақырыбы «Цифрландыру және жасанды интеллект» болды. Аймақ жастары IT және жасанды интеллект саласындағы жаңа білімдермен танысып, тәжірибелі мамандардың кеңестерін тыңдады. Форум барысында Аймы Мавлен жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып контент жасау жолдарын түсіндіріп, Олжас Сәукенов киберқауіпсіздік пен кибергигиенаның маңыздылығын атап өтті. Ол жастарды қоғамның белсенді мүшелері ретінде қалыптастырудың және оларға болашақ мамандықтарына дайындық жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Шараның интерактивті бөлімі ойын форматындағы жаттығулармен ерекшеленді. Бұл ойындар мен жаттығулар жастарға бір-бірімен жақынырақ танысуға және топтық жұмыс дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Ұлытау облысы бойынша Ulytau Hub директоры Әлібек Қаратаев жасанды интеллект саласындағы мамандықтарды дұрыс таңдау және ЖИ саласындағы жастардың рөлі туралы баяндап, қазіргі заманғы технологиялар мен цифрлық сауаттылықтың маңыздылығын атап өтті. Ол жас ұрпақтың ЖИ мен цифрлық технологияларды меңгеруге дайын екендігін және бұл салада маңызды рөл атқара алатынын мәлімдеді.
Форум барысында жасанды интеллекттің білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы мен өндіріс салаларындағы қолданылуы талқыланды. Жастар осы салаларда өз рөлдерін түсініп, болашақ мамандықтарын таңдарда ЖИ мен цифрлық дағдыларды меңгеруге ынта танытты.
Жезқазғандағы өңірлік жастар форумы аймақ жастары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Цифрландыру мен жасанды интеллекттің жаңа дәуірі, жастардың қоғамдық және саяси өмірде белсенді қатысуы, сондай-ақ заманауи білім мен тәжірибені меңгеру арқылы өздерін елдің дамуына үлес қосуға дайын екенін көрсетіп, жастардың рухани дамуында маңызды қадам болды.
Аманкелді АҚШАЛ.