Музей – көненің көзі

Музей – көненің көзіндей құнды жәдігерлерді жинақтайтын, оны келешекке сақтап жеткізетін мәдениет ошағы. Музей арқылы бір елдің тарихын толықтай білуге болады. Өйткені, музейде мәдениеттің мәйегі мен дәйегі, ел мен жер тарихының бәрі жинақталады. Ал, біздің ауданда өлке тарихынан сыр шертетін өлкетану музей болмады. Қарап отырсақ, ұлтымыздың ортақ ошағы, қасиетті Ұлытау өңірінің өлке тарихынан материалдар толық жинақталмай жатты. Сол себептен, өлке тарихын зерттеп, жинақтау мақсатында өткен жылдың қараша айында облыс әкімінің шешімімен Ұлытау ауданынан Өлкетану музейі ашылды.

Бүгінгі таңда музей қызметінің тыныс-тіршілігі музей қорын өлке тарихына байланысты жәдігерлермен толықтыруға бағытталып отыр. Сонымен қоса, музей қызметкерлері Ұлытаудан түлеп ұшқан елеулі тұлғалар туралы да материалдар жинақтау үстінде.

Жақында ғана Өлкетану музейі құнды жәдігерлермен толықтырылды. Музейге Алмас Шарманов келіп, әкесі Төрегелді Шармановтың көзі тірісінде пайдаланған заттарын, кітаптарын, орден-медальдарын, грамоталарын, киген киімдерін әкеп тапсырды. Бұл жәдігерлер Қазақ тағамтану академиясының Төрегелді Шарманов атындағы халықаралық қорының директоры Сұлтанбек Бағдаттан алынды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.