МӘМС: 102 ұлытаулық дертіне дауа тапты
Варикозды тамырлар – бүкіл әлем бойынша кең таралған сырқаттың бірі. Бүгінгі таңда оны емдеудің ең тиімді әдісі – лазерлік терапия. Лазерлік терапия міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында пациенттерге қолжетімді. Ұлытау облысында алғаш болып өз жұмысын бастаған қан тамырлары хирургиялық орталығы жылдың соңына дейін 102 пациентті варикоздан айықтырмақшы.
Лазерлі ота жергілікті анестезия беру арқылы жасалады. Лазермен варикоз – тамырларды жойғаннан кейін науқас бірден қалыпты өмірге орала алады. Емнің ең басты артықшылығы да осында.
– Ота аз инвазивті әдіспен жасалады. Яғни, пациенттің еш жері тілінбейді, тесілмейді. Отадан кейін пациентке 4 күн бойы таңу процедурасы қарастырылған. Науқастар ем-шарадан кейін компрессиялық шұлық киіп, үйлеріне қайта береді. Бұл ота қант диабеті және жалпы анестезияға қарсы көрсетілімдері бар адамдарға өте қолайлы. Ота МӘМС шеңберінде жолдама бойынша, сақтандырылған пациенттерге тегін жүргізіледі, – дейді қан-тамыр хирургі Асыл Орынгалиева.
МӘМС мүмкіндіктерін пайдаланып ұзақ жылдар бойы мазалаған аурудан арылғандардың бірі Жаңаарқа ауданының тұрғыны Мұрат Текебаев. Ол қан-тамыр орталығы дәрігерінің кеңесін, ультрадыбыстық зерттеуді, отамен оның алдындағы басқа да қажетті медициналық тексерулерді учаскелік дәрігерінің жолдамасы арқылы МӘМС шеңберінде тегін алды.
Небәрі 15 күннің ішінде жылдар бойы мазалаған аяқтағы ісіну мен ауырсынумен мәңгілікке қоштасқан жаңаарқалық азамат – жеке кәсіпкер. Сөз арасында медициналық сақтандыруға ай сайын 5950 теңге көлемінде жарна аударатынын және денсаулықпен сыналған сәтте МӘМС-тің игілігін сезінгенін жасырмады.
Өз тілшімізден.