Халықпен кездесу: денсаулық жолындағы игі бастама

«Халық денсаулығы – ел байлығы» деген қағида бүгінде ерекше маңызға ие. Денсаулықты сақтау тек дәрігерлердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы мақсатта Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы Жаңаарқа аудандық көпсалалы орталық ауруханасында Ашық есік күнін ұйымдастырды.

Шара барысында тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктері, сақтандыру мәртебесін алу және оны тексеру жолдары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар медициналық қызметке қатысты шағымдар мен ұсыныстар болған жағдайда алдымен ауруханадағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгіну қажеттігі айтылды. Егер мәселе сол жерде шешімін таппаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы немесе SaqtandyryBot Telegram сервисі арқылы өтініш қалдыруға болатыны түсіндірілді.

Ашық қабылдауда аудандық көпсалалы орталық ауруханасының директоры Ұлан Жанатұлы тұрғындарды жеке қабылдап, көкейде жүрген сауалдарына жауап берді. Қабылдауға келген азаматтар жұмыссыз ретінде сақтандыру мәртебесін рәсімдеу, жұмысқа орналасқаннан кейінгі мәртебенің өзгеруі, мүгедектікті рәсімдеу, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылу және медициналық қызметтерге қатысты мәселелерді көтеріп, қажетті бағыт-бағдар алды.
Кездесу аясында келушілердің қан қысымы, көз ішілік қысымы, қандағы қант пен холестерин деңгейі тексеріліп, бейінді мамандар профилактикалық кеңестерін берді.
Сонымен қатар аудан тұрғындары көп шоғырланатын «Жандос» және «Ерсаян» сауда орындарында «Денсаулық алаңдары» ұйымдастырылды. Бұл жерде тұрғындар қан қысымы мен көз ішілік қысымын өлшетіп, ЖИТС-ке жедел тест тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Тексеру барысында қандағы қант деңгейі жоғары үш тұрғын анықталып, олар толық медициналық тексеруден өту үшін аудандық ауруханаға жолданды.
Филиал мамандары тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылықтарын түсіндіріп, сақтандырылған азаматтардың консультативтік-диагностикалық қызметтерді, бейінді мамандардың қабылдауын, зертханалық және аспаптық зерттеулерді, жоспарлы емдеуді, медициналық оңалтуды және басқа да көптеген қызметтерді МӘМС аясында ала алатынын жеткізді.
Кездесу соңында аудан тұрғыны Оспанова Бибигүл апа ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ақ халатты абзал жандарға ақ батасын берді. Ол мұндай игі шаралардың халық үшін маңызы зор екенін айтып, медицина қызметкерлерінің еңбегіне табыс пен береке тіледі.

Осындай ашық алаңдардың халыққа берері мол. Олар тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімін нығайтып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат қазына. Сондықтан әрбір азаматтың МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы – сапалы әрі қолжетімді медициналық көмектің кепілі.

Диана ОРАЗАЛИНА.