Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен сайлауда дауыс берді

Ұлытау облысының тұрғындары таңертеңнен бастап жаңа Конституцияға сәйкес жаңарған заң шығарушы орган Құрылтай депутаттарын сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасауда.

Облыс әкімі Есет Байкен Жезқазған қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейде орналасқан №7 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Өңір басшысы бұл сайлаудың елдің саяси өміріндегі маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы өз Үндеуінде атап өткендей, бұл сайлау – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Ұлытау жұртшылығы елдегі саяси реформаларға қолдау білдіріп, сайлауға белсенді қатысуда. Әрбір дауыс – ел болашағына жасалған таңдау», – деді облыс әкімі.

Бүгінде Ұлытау облысында 127 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Өңір бойынша 138 362 азамат дауыс беруге құқылы.

Сайлау учаскелерінде азаматтардың еркін дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалған. Өңір тұрғындары ел болашағы үшін маңызды саяси науқанға белсенді қатысуда.