Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің облыс тұрғындарына үндеуі

Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары, қадірменді жерлестер!

Туған жер – баршамызға ортақ құндылық, ең қымбат қазынамыз. Оны таза ұстау – әр азаматтың парызы, әрбіріміздің жауапкершілігіміз. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық акциясы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінде өңірімізде тазалық пен абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, өкінішке қарай, рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс тастау фактілері әлі де байқалады. Бұл – ортақ үйімізге деген немқұрайлықтың көрінісі.
Әр мекеме, әр кәсіпорын, әрбір тұрғын өз ауласына, өз көшесіне, өз мекеніне жанашырлықпен қарап, әр кәсіпкер өз бизнес нысанының аумағын абаттандырып, жөндеу, қалыпқа келтіру, ағаш егу жұмыстарын уақытылы жүргізсе, тазалық сақтауды әдетке айналдырса – өңіріміздің келбеті де өзгере түсері анық. Тазалық – тек сенбілікпен шектелмейтін, күнделікті өмір салтына айналуы тиіс мәдениет.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру – болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз. Біз табиғатты қорғай отырып, келешекке таза әрі жайлы орта қалдырамыз.
Сондықтан, баршаңызды облысымызда атқарылып жатқан игі істерге қолдау білдіруге, бірлік танытып, ортақ іске белсене қатысуға шақырамын.

Құрметті жерлестер!

Біз біріккенде ғана таза, көрікті әрі жайлы өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыра аламыз. Тазалық – өзімізден басталады!