Ұлытау облысында «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы ашылды

Халықаралық балаларды қорғау күні Ұлытау облысында «Шабыт» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығы ашылды. Нысан Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен салынды. Тарихи іс-шараға ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова, Болат Өтемұратов қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Алмаз Шарман, «Верный капитал» компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов қатысты.

Орталық Жезқазғанның Батыс ауданында бой көтерген. Аталған бағыттағы нысан Жезқазғанда соңғы 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет салынып отыр.

Инвестициялық жоба құны — 4 миллиард теңге. Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков қор басшылығы мен құрылысшыларға алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірдің дамуы мен ұрпақ тәрбиесіне қызмет ету мақсатында өңірімізде ашылған жаңа «Шабыт» шығармашылық орталығы – бұл жай ғана заманауи ғимарат емес, балалардың білім алып, өз қабілеттерін дамытып, технология, шығармашылық және спортпен лайықты жағдайда айналысуына мүмкіндік беретін кеңістік. Дәл осындай жобалар өскелең ұрпақтың өз болашағына деген сенімін қалыптастыратын орта құрады», – деді Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков.

Жалпы аумағы 2 600 шаршы метрден асатын кешенде арт-студия, күйдіру бөлмесі бар қыш шеберханасы, ерте дамыту орталығы, жекпе-жек және хореография залдары, жаратылыстану және робототехника кабинеттері орналасқан STEM-аймақ, цифрлық өнер мен графикалық дизайн студиясы, фотостудия, шахмат кабинеті және кең акт залы қарастырылған. Мұнда барлығы 14 оқу кабинеті, қызметкерлерге арналған жеке аймақтар, медициналық кабинет пен коворкинг кеңістіктері бар. Ғимарат бір уақытта 250 балаға дейін, ал бір күнде 600 балаға дейін қабылдай алады.

Аумағы 1,6 гектарды құрайтын кешенде спорт және ойын алаңдары мен абаттандырылған қоғамдық кеңістік қарастырылған. Ғимаратты жобалау барысында инклюзивті орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың кедергісіз келуіне барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ сенсорлық бөлме олардың дамуы мен бейімделуіне ықпал ететін маңызды орталықтардың біріне айналмақ.