Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді – Олжас Бектенов Санкт-Петербургтегі конференцияда

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Санкт-Петербургтегі мәдени байланыстарды нығайту, креативті және шығармашылық индустрияларды дамыту жөніндегі халықаралық конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйледі.

Іс-шараға Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Александр Турчин, Қырғызстанның Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Қасымалиев, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Түрікменстанның білім министрі Джумамырат Гурбангелдиев қатысты.

Олжас Бектенов өз сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің, сондай-ақ Достастыққа мүше барлық елдер көшбасшыларының тікелей қолдауымен және қатысуымен креативті индустриялар мен мәдени байланыстар саласындағы ынтымақтастықты дамыту ТМД-ның күн тәртібіндегі неғұрлым өзекті әрі сұранысқа ие бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Қазақстан мәдениет пен шығармашылық қызметті қолдауды мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары деңгейінде бекіте отырып, аталған жұмысқа дамудың стратегиялық бағыты ретінде мән береді.

«Биыл наурыз айында Қазақстанда өткен жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша жаңа Конституция қабылданды, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Жаңа Ата заңымыз мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде Әділетті және Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өткім келеді.

Мамыр айында Астанада өткен «Алтын Орда» дала өркениетінің моделін зерттеуге арналған халықаралық симпозиум маңызды оқиға болды, оған әлемнің 20-дан астам елінің тарихшылары мен мәдениеттанушылары қатысты.

Одан бөлек жаңа Конституцияда зияткерлік және шығармашылық қызметті қорғауға кепілдік берілген. Осы негізде Қазақстанда креативті индустрия қарқынды дамып келеді. Жаңа нарықтар, жаңа жұмыс орындары қалыптасып, ұлттық креативті өнімді экспорттау мүмкіндіктері кеңейтілуде»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бүгінгі таңда мәдениет пен креативті индустриялар экономикалық өсудің маңызды факторларына айналуда. Қазақстанда креативті индустрия 40-тан астам қызмет түрін қамтиды, салада 150 мың адам еңбек етеді. Креативті сектордағы жалпы қосылған құн көлемі соңғы жылдар ішінде төрттен біріне артып, $3 млрд құрады.

Қазақстан кино, музыка, дизайн, ойын индустриясы мен цифрлық контентті дамытуда айтарлықтай нәтижелер көрсетуде. Отандық фильмдер, сериалдар, музыкалық және цифрлық өнімдер шетелдік нарықтарға шығып, халықаралық аудиторияны еліміздің бай мәдени мұрасымен таныстыруда, осылайша Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуда.