Ұлытау облысында «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының жеңімпаздары марапатталды

Ұлытау облысында «Еңбек жолы» және «Парыз» конкурстарының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты. 

Салтанатты іс-шараға Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Нұртас Кәріпбаев қатысып, байқау жеңімпаздары мен қатысушыларын құттықтады.

Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары еңбек адамдарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтары өкілдерінің күнделікті еңбегі облыс экономикасының дамуына негіз болып отырғанын атап өтті.
«Сіздердің бүгінгі жетістіктеріңіз – күнделікті еңбектің, жауапкершіліктің, табандылықтың және биік мақсаттарға ұмтылыстың нәтижесі. Сіздер өз әріптестеріңізге, жастарға және облысымыздың барша тұрғындарына үлгі болып келесіздер», – деді Нұртас Кәріпбаев.

Байқаулардың қорытындысы бойынша «Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы», «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» және «Үздік ұжымдық шарт» аталымдарының жеңімпаздары анықталды.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар табысталды.