ИНСУЛЬТТЕН КЕЙІН ОҢАЛТТЫ
«Луч» нейрооңалту орталығы жыл басынан инсульт алған және омыртқа мен бас сүйегіне ота жасатқан 344 науқасты МӘМС пакеті шеңберінде оңалту бағдарламасынан тегін өткізді. 2024 жылы бұл мақсатқа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлытау облыстық филиалы 188 млн теңге қарастырып отыр.
Орталыққа ем іздеп келетіндердің басым көпшілігі инсульттен кейін қимыл-қозғалысы шектелген азаматтар. Аурудың зардабын сезінгендердің жас ерекшеліктері сан түрлі. Үлкені – 78-де, ең жасы – 28-дегі қыз бала.
–Осы жасқа дейін бір ауырып көрген адам емеспін. Мұндай орталықтың бізде бары, кез келген науқасқа тегін ем көрсететіні мен үшін жаңалық болды. Жұмыс жасап жүргенде мен де өзгелер сияқты ОСМС не үшін қажет екенін түсіне бермейтінмін. Сөйтсем, осындай қиын жағдайда көмегі тиеді екен, – деген еңбек ардагері Нұрлан Абукасовтың инсульттан кейінгі жағдайы – жақсы. Алып жатқан ем-домы қонып, қазір еркін қозғалады, пікір алмасады.
Инсульт кезінде дененің бір бөлігіндегі ұйығандық немесе әлсіздік сезімі, көру қабілетінің бұзылуы, бас айналу, тепе-теңдікті жоғалту немесе қозғалыстарды үйлестіре алмау, сондай-ақ бас ауруы болуы мүмкін екенін еске саламыз. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек науқасты өлімнен арашалап қалады. Сондықтан жоғарыда аталған белгілер болса, уақыт күттірмей жедел жәрдем шақыру қажет.
Өз тілшімізден.