Ер еңбегімен – еңселі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ дəстүрлі Жолдауында «Ауылшаруашылығын дамытпай бəсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деген болатын. Бүгінде мал шаруашылығын дамытамын деген шаруагерге кедергі болатын ештеңе жоқ. Ең бастысы, маңдай терін төгіп, аянбай еңбек етсе болғаны.

Адал еңбекпен адам еңселі болатыны рас. Қазірде елімізде агроөнеркəсіп кешенінде кең ауқымды жобалар өріс алуда. Ел Президенті жер телімдерін мақсатты түрде пайдалануға жеңілдік жасап, жол ашып беріп отыр. Ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жүргендерге қолдау көрсету – басты орында. Шаруалардың жұмысы – жерді күтіп-баптап, оны тиімді пайдаланып игеруінде. Мақсат осында жатыр. Жерді пайдаланып, мал өсіріп, одан өнім алып, өзіне де, өзгеге де пайдасын тигізе білуінде.

Атам қазақ «Мал баққандікі, жер жыртқандікі» деп бекер айтпаған. Өз шаруашылығыңды түзеймін десең, еңбек етіп, тер төгуің қажет. Сонда барып көл-көсір байлыққа кенелетін боласың. «Ердің атын еңбек шығарады» деген сөз – соның айғағы. Жер-Ана қашанда ерінбей еңбек еткеннің еңсесін тіктеп, бағын жандырады. Ол үшін төзімділік пен іскерлік бірге ұштасуы керек. Осындай қабілет өн бойынан табылатын елгезек азамат Азиз Əміров. Жезқазған қаласының тумасы. Биыл ердің жасы – 50 жастың белесіне шыққалы отыр.

Ол 2015 жылы Жезқазған қаласынан Үңгірлі елді мекеніне қоныс аударған болатын. Сол жерде жеке шаруашылығын құрды. Оның жалға алған жері Шеңбер ауылдық округіне қарасты республикалық күре жолдың бойында орналасқан қыстақ. Маңайында екі мың гектар жайылым, тоғыз жүз гектар шабындығы бар, құнарлы жер. Қазір ол өзіне қажетті ауылшаруашылық техникаларын да сатып алған. Еңбек десе құлшынып тұрған Азиз жылдан-жылға мал басын көбейтіп келеді. Биыл 90-нан астам ірі қара, 57 бас жылқы, 200- ге тарта ұсақ мал қысқа түсті. Жем-шөп қоры жеткілікті. Былтыр өздерінен артылған шөпті ауылдағы, қаладағы ағайындарға қолжетімді бағамен сатып, көпшіліктің алғысына да бөленді.

Азиздің мал шаруашылығымен айналысқанына небəрі он шақты жыл ғана болды. Осы аралықта ауылдың күйбең тіршілігіне де үйреніп қалды. Қазір шаруашылығын дамыту үстінде. Кəсібі берекелі болды. Мал ұстап, қарасын көбейтті. Күнделікті күнкөріс үшін тек бір ғана шаруамен шектелуді місе тұтпаған Азиз қолы қалт еткен сəтте Жезқазған қаласына барып, «Камаз» көлігімен табыс та тауып жатады. Жаратылысынан тынбай еңбек етуді əдетке айналдырған Азиз ерінбейді, еңбектенеді. Қол қусырып, бос отыру оған жат қылық. Жұмыстан сəл қолы босаса газет-журналдарды оқиды. Жыл сайын өз қаражаты есебінен қарамағындағы жұмыскерлеріне аудандық «Ұлытау» газетін жаздырып береді. Осындай атымтай жомарттылығымен көзге түскен Азизды – «газет жанашыры» дейміз. Ол заманның нарқына қарамай, сөздің парқын түсінетін ел азаматы. Оның ендігі мақсаты – мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, асыл тұқымды ақбас сиырларды өсіру. Сөйтіп, ірі қара малын көбейтуді жоспарлап отыр. Дегенмен, Азиз еңбекке бейім, шаруашылықтың қыр-сырын білетін жігіт. Бүгінгі күні өз шаруашылығын дөңгелетіп, дамытып нəпақасын көріп отырғаны – сол адал еңбегінің жемісі. «Талапты ерге нұр жауар» деген осы.

Талабы таудай еңбекқор жанның шаруасы да келісті. «Алдағы уақытта да мал шаруашылығын дамыту жолында қажымай-талмай еңбек ете беремін» – дейді Азиз Ізбасарұлы.

Лайым, солай болсын!

Қайрат ЖҰМАБАЙ