«Бір ауыл – бір өнім» көрмесі – жаңа мүмкіндік бастауы

Күні кеше Ұлытау ауданы орталығында жергілікті тауар өндірушілердің кәсібін дамыту мақсатында «Бір ауыл – бір өнім» көрмесінің аудандық байқауы өтті.

Ауқымды жобаны Ұлытау ауданы әкімдігі мен аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бірлесіп ұйымдастырды. Жәрмеңке форматында өткен көрме – отандық тауар өндірушілердің жетістігін көрсету үшін жергілікті кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылды. Аталған көрме Ұлытау ауданы орталығында осымен үшінші рет өткізіліп отыр. Оған ауданға қарасты кенттер мен ауылдардан 17 тауар өндіруші қатысты.
Көрмеге жергілікті тауар өндірушілердің экологиялық таза өнімдері, қолөнер шеберлерінің төл туындылары қойылды. Бұлардың барлығы қолжетімді бағада сатылымға шығарылды. Әсіресе, төрт түліктен алынған өнім түрлері көздің жауын алады. Соның ішінде құрт, ірімшік, май, қаймақ, ысталған ет, қымыз, шұбат сынды ұлттық сусындарда молынан болды. Бұл көрме біржағынан жергілікті өнімдерді ауыл кәсіпкерлерінен ұлытаулықтардың тікелей өздері сатып алуларына мол мүмкіндік туғызды.

Осы көрмеге аудан әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек арнайы келіп, тауар өндірушілерге аталмыш жобаның мақсатын түсіндірді.
– «Бір ауыл – бір өнім» көрмесі ауданымызда осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл жоба ауыл кәсіпкерлеріне бренд қалыптастырып нарыққа шығуға жол ашады. Сондықтан, бұл шара – отандық тауар өндірушілердің жетістіктерін жалпыға таныстырып, олардың дамуына қолдау көрсетуге бағытталған маңызды қадам, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Көрме барысында Ұлытау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Гүлмира Қаженова бұл іс-шара жергілікті ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың, сонымен қатар, аграрлық сектордың дамуына оң әсер ететін ауқымды жоба екенін атап өтті.
Ал, ауылшаруашылығы көрмесінің басқалардан артықшылығы барлық өнімдер шикізат күйінде дайындалған таза құрам, бояғыштар мен консерванттардың жоқтығы, халыққа пайдасы бар өнімдердің болуында болып тұр. Осы жағы жергілікті тұрғындарды да қуантты. Не дегенмен, бұл бастама тауар өндірушілердің өнімдерін нарыққа шығаруға мол мүмкіндік беріп отыр. Тек, бизнестің дамуына ғана емес, сонымен қатар, жергілікті ауылшарушылығы өнімдерінің беделін арттыруға септігін тигізетін тиімді жоба болып тұр.
Айта кетейік, бұл жолы да байқауға қатысқан барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтармен, Алғыс хаттар табысталды.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.