Талдысай – тамырлы тарих тұнбасы

Ұлт ұясы – Ұлытау өз қойнауына сонау бағзы замандардың қатпарлы сырларын ішіне бүккен тарихы тым тереңде жатқан шежіреге аса бай өлке. Тарихтан жақсы білетініміздей, қазақтың Ұлы Даласын кесіп өтетін Ұлы Жібек жолының бір тармағы Ұлытауға бұрылған. Оның айқын айғағы – үлкен сауда арнасымен жалғасқан «Сарысу» немесе «Мыс жолы» Ұлы Жібек жолының бір тармағы болып есептелетіндігі. Академик Əлкей Марғұланның айтуынша, Ұлытау өлкесі қола дəуірінде ірі металлургия ошағы болған. Сол металл қорытқан пештердің қалдықтары табылған орын – Талдысай қонысы. Археологиялық зерттеу жұмыстарының нəтижесінде осы өңірде мыс балқытылғаны анықталған.

Бүгінгі Талдысайдағы Сарыбұлақ, Талдыбұлақ, Аяқбұлақ – осы тұжырымның дау тудырмас дəлелі. Бұл қоныстың құндылығы – Қазақстанның басқа өңірлерінде кездеспейтін, конструкциясы бөлек бірнеше мыс балқыту пештерінің табылуында. Олар көрген жанды еріксіз таң қалдырып, тамсантады. Бұл пештер мыс кенін күйдіріп, жартылай қорытуға арналған. Ғалымдар пештердің металды балқыту температурасы 1 000 градусқа дейін жеткенін айтады. Бертінде оны дә­лелдеуге қатысты арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек, археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған тастан, қыштан жəне сүйектен жасалған бұйымдар – мəні зор айғақтар, өткеннің шынайы куəсі. Олардың бірқатары «Ұлытау» қорықмұражайына тапсырылған екен. Қыш ыдыстар – бұл қоныстың қола заманында болғанын дəлелдейді.

Көне заман жəдігерлері Ұлы Даланың ерте қола жəне соңғы қола дəуірлерінде Еуразия континентіндегі өресі биік өркениеттің орталығы болғанын айғақтайды. Талдысайда жасалған кейбір металл өнімдерінің Еуропадан, соның ішінде, Балқан түбегінен табылғаны біраз жайттан хабар берсе керек. Демек, алып құрлықтың біраз бөлігі Қазақстанда өңделген металды өз қажеттеріне жаратып, тиімді пайдалана білген. Ұлытау өңіріндегі Талдысай металл қорыту пештерінде жасалған бұйымдар жайындағы нақты мəлімет Орталық Қазақстанда археологиялық экспедиция жұмыстарын жүргізген Əлкей Марғұланның еңбектерінде көрініс тапқан.

Талдысай – Ұлытау ауданының орталығынан Жезқазған қаласы бағытында 60 шақырым қашықтықта, қазіргі автокөлік жолы бойында орналасқан қоныс.

Көне тас дəуіріне қатысты белгі ретінде осы маңдағы үңгірді айтуға болады. Үңгірдің аумағы көлемді əрі терең. Адамның еркін өмір сүруіне аса қолайлы. Сол маңдағы Талдысай өзені үңгірден төменіректе орналасқан. Үңгір су басып кете алмайтындай жерде орын тепкен.

Қарап отырсақ, неолит (жаңа тас дəуірі) пен энеолит (алғашқы металл өңдеу кезеңі) дəуірлеріне байланысты екі қоныс бар. Біреуі Жезді өзенінің жағасында орналасқан. Ал бұл арадан аса алшақ емес қашықтықта бабаларымыз мыс балқытқан жер бар, ол – Сарыбұлақ. Бұл маңда адамдар тек мыс балқытумен ғана шектелмегені белгілі. Мыстан, қоладан түрлі тұрмыстық бұйымдар жасаған. Осы күнге дейін бұйымдарды құюға арналған түрлі үлгдегі қалыптар табылуда. Əсіресе, əшекей бұйымдардың көбісі мыстан жасалған екен. Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде еліктің, маралдың, дуадақ құстардың сүйегі жиі ұшырасқан.

Бұған қоса, қола дəуірінде адамдардың қолға мал үйрете бастағанын айғақтайтын дəлелдер де бар. Нақтылай түссек, аттың ауыздығын, сулығын маралдың мүйізінен жасаған жəдігерлер де жиі кездеседі. Осының бəрі ертеректе Талдысайда өркениетті ел қоныстанғанын айғақтайды.

Бүгінгі күні Талдысайда қола дəуірінің, ғалымдар «Андрон мəдениеті» деп атау берген кезеңнің ғажайып белгілері көп. Солардың барлығы – біздің дəуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың орта кезінде осы жерде металл балқытылғанының күмәнсіз айғағы.

Түптеп келгенде, металлургия өндірісінің бастау алған жері – бұл. Тіпті, кен сақтайтын орындарына дейін бар. Олардың сыртқы аумағы жалпақ тастармен қоршалған, сол күйінде күні бүгінге дейін мызғымай тұр.Осындай қайталанбас ерекшеліктерімен бұл елді мекен көрген жанды еріксіз тəнті етеді.

Тағы бір айта кетерлігі – бұл өңірде ерте темір дəуірі немесе сақтар, яғни, алғашқы көшпелі малшылар өмірін дəлелдейтін ескерткіш бар екендігі. Ол «мұртты» қорған немесе оба деп аталады. Іргесінде тастан үйілген қорғаншалар кездеседі.

Ал, ең бастысы – орта ғасырға тікелей қатысы бар Басқамыр қалашығы. Сондай-ақ, керуеншілердің керуен жолын бақылайтын мұнара – ғажайып жәдігер. Ол тастан үйіліп жасалған.

Негізінде, Басқамыр – Vlll-Xlll ғасырларға тəн қаланың орны. Бұл жерді алғашқыда Əлкей Марғұлан зерттеген. Беріректе белгілі археологтар С.Жолдасбаев, Ж.Смайылов, Ж.Құрманқұлов кең ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген. Басқамыр қалашығынан табылған қыштардың құрамы Аяққамыр қалашығында кездесетін қыштарға ұқсас келеді. Сонда екеуі де орта ғасырларда Орталық Қазақстанда мекендеген оғызқыпшақ жұртының мəдениетін айғақтайды.

Қалай десек те, Талдысайдың тарихы тереңде жатыр. Оның ірі орталық болғандығын зерттеу жұмыстары кезінде табылған құнды жəдігерлер айғақтап отыр. Əсіресе, алыс- жақыннан немесе сыртқары елдерден келген туристерге жарқырата көрсетуге мейлінше лайықты орын. Қазірдің өзінде туристер тамашалайтын орын жасауға мол мүмкіндік бар. Ол – республикалық маңызға ие күрежолдың дәл іргесінде орналасқан тарихи-мəдени кешен.

Қысқаша түйіндегенде, Талдысай – көненің көзі, тамырлы тарих тұнбасы.

Қайрат ЖҰМАБАЙ