Емші сипаттаған тылсым түн

Астанада болған бір басқосуда тарих ғылымдарының кандидаты Хансейіт БӨЛЕН бауырымыз әңгіме арасында «Қостанай қаласының іргесіндегі Заречный кентінде Әулиетауға барған емші келіншек тұрады. Сол кісінің де әңгімелері қызық» деді. Содан Хансейіттің көмегімен сұрастыра отырып, халық емшісі, халықаралық сертификат иесі Айсұлудың ұялы телефон нөмірін тауып алып, хабарластым.

Телефон тұтқасын көтерген Айсұлу «қазір ем жүргізіп жатыр едім. Кезектегі адам қарасы қалың, кешке босағаннан кейін хабарласайықшы» деді орыс тілінде. Кешкісін ел орнына орныққан уақытта қайта телефон шалдым. Мен әңгіменің мән-жайын барынша түсіндіріп айтып жатырмын. Себебі «қарсылық таныта ма?» деген ой басымырақ. Бірақ олай болмады. Бірден бір-бірімізді бұрыннан танитын адамдай әңгімеміз жарасып сала берді. Ол маған «тек бір өтінішім бар. Мен емшімін ғой, маған Ұлытауда көп нәрсе көрінді. Негізінде, оны жай адамдардың көбі қабылдай алмайды. Мен көргенімнің бәрін бүкпесіз айтсам, сіз оны дұрыс түсінсеңіз» деді. Әрине, «өз жүрегін бағындыра білгенге бүкіл әлем бағынады» демеуші ме еді? Сондықтан Құдайдың берген қасиетіне пенде қарсы тұрмас болар. «Ойыңызды ашық жариялағаныңыз абзал» дедім.

Сондағы Айсұлудың айтқандары: «Мен Қостанай қаласында, нақтырақ айтсам, қаладан 5 шақырым жердегі Заречный кентінде тұрамын. Негізі, Қарасу ауданының қызымын. Халықаралық сертификаты бар халық емшісімін. Емші болғаннан кейін жылына бір рет қасиетті жерлерге барып тұрамын. Ресейдің көптеген өңірін араладым. Шетелдерге көп шықтым. Архаимда, Башкирияда болдым. Халықаралық емші ретінде 140 елге шығуға мүмкіндігім бар. Бірақ Қазақстанда Түркістаннан басқа сондай қасиетті жер барын білмеппін. Түркістанға баруға да жол түспей қойды. Биыл бармақшы отырғанымда құрбымның келінінен Ұлытау жайлы естідім. Аяқ-астынан сонда баруға ниет еттік. Билет алғаннан кейін маған жоғарыдан басқаша ақпараттар келіп жатты. Бұл өзі тылсым дүние ғой. Сермелген қылыш, домалаған бастар. Шайқас өтіп жатқандай. Түсініксіздеу оқиғаларды көріп, «бұл қалай болғаны?» деп ойлаумен болдым. Ұлытауда Әулиетау деген тау бар екенін, онда адамдар емделетінін, тілектер қабыл болатынын да естідім. Сонда барып, рухани тазаруға, Жаратқаннан тілек тілеуге ниеттендім.

Қасымда қасиетті орындарға үнемі бірге барып жүрген Сәуле мен Эльвира атты құрбыларым бар. Біз пойызбен Қарағанды арқылы жүрдік. Ал Қарағандыдан Айнара, Жұпар және Жұпардың інісі Елнұр ілесті.

Бізге тарихи орындарды аралату үшін Жұпар алдын ала киелі жерлердің тарихын жақсы білетін Ұлытау селосының тұрғыны Сағдат есімді жас жігітпен келісіп қойған екен. Ол бізді Жезқазған вокзалынан күтіп алды. Алтауымызды машинасына салып алып, вокзалдан шыға бергенде, бір дөңгелегі жарылды да қалды. Ол дөңгелегін жасағанша біз әдемі сібірлеп қана жауған майда жаңбырдың астында қаланы аралап қайттық. Жезқазғаннан таңғы асымызды ішіп, Ұлытау бағытына жолға шықтық. Кештетіп Ұлытауға таяна бергенде «Ел бірлігі мен мемлекет тұтастығы монументіне» келіп тоқтадық. Онда суретке түстік. Монумент ортасындағы ошақтасты құшақтап тұрып, тілектерімізді айттық. Одан шығып, Ұлытау селосындағы «Саумал орталығы» деп аталатын үлкен жер үйге келіп орналастық. Мазарларды аралап келгендіктен киімдерімізді жуып-жайып, ас қамына кірістік. Дастархан басында кім не көргенін, қандай сезімде болғанын айтып жатырмыз. Әлден уақытта жолбасшымыз Сағдат тұрып: «бізде көбі Әулиетаудың басына шығып түнейді. Сіздердің тау басына түнегілеріңіз келмей ме?» деді. Бәрі қолдай кетті. «Әрине, тау басына қонған да қызық қой» деп бәрінің барғысы келді. Сол сәтте маған «бүгін тауға барма» деген ақпарат түсті. Мен бірден «жоқ мен бүгін бара алмаймын» деп едім, бәрі «жарайды, бармай-ақ қояйық» деп келісе кетті.

Сонымен демалуға жаттық. Жұпар мен Айнара бір бөлмеде, біз Эльвира, мен Сәуле үшеуіміз бір бөлмеде, ал Ернұр бөлек бір бөлмеге жайғасты. Сағдат таңертең ерте келетінін айтып, үйіне кетті.

Біз жатқан бөлменің есігі шығаберіс есікке қарсы орналасқан еді. Ал мен болсам, бөлме есігіне қарсы төрде жатырмын. Кенет маған бөлмеде бөгде біреудің жүргені сезілді. Қорыққанымды өзгелерге білдірмеген болып, «дәліздің жарығы жанып тұра берсін» дедім. Бәрі ұйқыға кеткендей, бір мезет өлі тыныштық орнады. «Жолдан қатты шаршаған екен ғой» деп ойладым да қойдым. Менде ұйқы жоқ, бір қорқыныш бойымды билеп барады. Болмаған соң қыздарға «мен қорқып жатырмын, біреуің менің жаныма жатыңдаршы» дедім. Менің төсегім екі адамдық еді. Сөйтсем, қасымдағы екі қыз да қорыққандарынан ұйықтай алмай үнсіз жатыр екен. Сәуле «менде де ыңғайсыз жағдай, қасымда бір суық жел айналып жүр» дейді. Эльвира «менде де бір түрлі түсініксіз жағдай» деп, бірден менің қасыма келіп жатып алды. Енді ұйықтайын десем, көзім жұмылмайды. Көзімді жұмуға бір тылсым күш рұқсат етпейді. Амал жоқ, көзімді ашсам, дәлізде қолына асатаяқ ұстаған үлкен бір ата тұр. Сол ата маған Әулиетау сияқты көрінді. Әулиетаудың рухы. Адамдарды емдейтін де, тілектерін орындайтын да сол үлкен асатаяқты ата екенін түсіндім. Атаның екі жағы жарқ-жұрқ етіп, найзағай ойнағандай ұшқын шашып тұр. Өте қалың ұшқын. Өте көп энергетиканың тұрғанын сездірді. Сол энергетика менің қасымдағылардың бәріне көрінді және бәріне берілді. Сәуле де қорқып, «мені біреу тұншықтырып жатқандай» деп, менің қасыма келіп алды. Мен ортада, үшеуіміз бір төсекке жатырмыз. Кенет мен өзімнен өзім сөйлеп кеттім. Қасымдағы қыздардың мен білмейтін, еш уақытта естімеген сонау бала күндерінен бастап, бар тарихын айтып беріппін ғой. Олар қандай сұрақ қойса да жауап беремін, маған жаңағы ата бәрін айтып тұрды. Асатаяқты ата тағы да «Әулиетаудың басында жеті әулие жатыр. Сендер де ертең Әулиетауға жетеу болып шығасыңдар, жетеуіңнің де тілектерің қабыл болады» деді. Ал біз алты адамбыз. «Қалай жетеу?» деп ойланып кеттім. Ақпараттың көптігі сондай менің басым ауыра бастады. Басым болғанда да үшінші тылсым көзімнің орны, екі қасымның арасы мен көк желкем. Олай еш уақытта ауырып көрген емес. Әлден уақытта бұлттар үйіріліп, қасқырдай ұлыған желмен бірге найзағай ойнап, жаңбыр жауды да кетті. Мен адам емдеп жүргенде, аруақты адамдар келе жатқанда осылай ауа райының бұзылатыны бар еді. Бір кезде ас үйдегі ыдыс-аяқтар сыңғырлай бастады. Бәріміз естіп жатырмыз. Ас үйде біреулер су ішіп жүргендей әсердеміз. Демімізді ішімізге тартып, қорқыныш құшағында қалдық. Таң алдында ғана қалжырап ұйқыға кеттік. Таңертең ерте ояндық. Таңғы ас үстінде көрген-білгенімізді айтып жатырмыз. Сәуле «ұйықтап кеткеннен кейін де келіп, менің тамағымнан қылқындырып кетті» десе, басқа бөлмеде жатқан Жұпар «тұруға қорқып жаттым, көзімді де жұма алмадым. Ауа райы бұзылған бетте бір елес мені айналып ұшып жүрді» дейді. Ішімізде дым сезбей ұйықтаған Елнұр ғана екен. Таңертең жолбасшы Сағдат келгенде біз жуынып-шайынып, ғұсыл дәрет алып дайын отырғанбыз. Түнімен қорыққан бәріміздің көзіміз шарасынан шығып кеткен. Ұйқы шала. Түрімізді көрген Сағдат «не болды?» деп сұрап жатыр. Біз оған болған жайды қысқаша баяндап, тауға қарай аяңдадық. Жолдағы Ембұлақтан су алдық. Кеше кешкісін Сағдат «Мен тауға шығып жүрмін ғой, ертең шығатын жерін көрсетемін де етекте қаламын. Бір шаруаларым шығып тұр. Асықпай аралап, түсіп келе жатқанда хабарласасыздар ғой» деген. Тау етегіне барғанда Сағдатқа «сенің де шыққаның дұрыс болар еді» дедім. Бірден келісе кетті. Тауға өрмелеп келеміз. Қарасам, кешегі асатаяқты ата айтқандай жетеу болып көтеріліп келеді екенбіз. Таңқалмасқа амалым қалмады. Тауға Елнұр мен Жұпар бірінші болып көтерілді. Біз Сәуле екеуіміз екі жарым сағатта шықтық. Бізден кейін сәл кештетіп, көлік апатынан кейінгі отадан шыққан Айнара мен жоғары қан қысымы бар, жасы да ұлғайып қалған Эльвира және оларға көмектесіп келе жатқан Сағдат үшеуі көтерілді. Тауға шығу оңай емес екен. Біз де аз қиналған жоқпыз. Ал Айнара мен Эльвира қатты қиналып, үлкен төзіммен, ерлікпен шықты. Біз Әулиетаудың ортасынан аса бергенде әуеден саңқылдаған дауыс естілді. Қарасақ, төбемізде керегедей жазып алған қанатын бір қақпастан, әдемі қалықтай айналып, жалғыз бүркіт ұшып жүр. Біраз демалып алдық та, әрі қарай жылжыдық. Біз Әулиетау басына шыққанша әлгі бүркіт кеткен жоқ, аңда-саңда бір «саңқ» етіп қойып, айналды да жүрді. Тау басына жеткенде үлкендеу екінші бүркіт пайда болды. Айналып ұшып жүрген қос бүркітті жақындаған тұста бәріміз суретке түсіріп әлекпіз. Бірақ, бір қызығы, телефонмен суретке түсіруге нысанаға алғанда, ZOOM арқылы жақындатқанда анық көрініп тұрған бүркіттер түсірілген суретте жоқ болып шығады. Табиғат тылсымына қайран қалдық та қойдық.

Ауа райы керемет! Аспан шайдай ашық. Күн ыстық. Түндегі нөсердің ізі де байқалмайды. Мен Жаратқанға сыйынуды бастағанымда ашық аспанға ақша бұлттар жиналып, зеңгір көкте неше түрлі фигуралар пайда бола бастады. Көз, аю бейнесі, тағы басқа бірнеше фигураларды көрдім. Бұлттардан шыққан фигуралардың біразын суретке түсірдік. Аспаннан маған біреу қарап тұрғанын сезіндім. Ал Эльвиралардың тобы көтеріліп, тау басына жетіп 5-10 минут демалды ма, жоқ па, ап-ашық тұрған аспанды қара бұлт торлай бастады. Бұлттардың бәрі бізге қарай жылжып, әп-сәтте біз тұрған Әулиетау басына жиналды. Аспанның қалған бөлігі шайдай ашық. Аяқ астынан ауа-райы бұзылып, күннің көзін қара бұлт жауып, айнала түнеріп сала берді. Мен қасымдағыларға «тездетіп тасқа отырып, тілектеріңізді тілеңіздер» дедім. Тілектерімізді тілеуді бастағанда таудың басында жарқ-жұрқ найзағай ойнап, нөсер жаңбыр сабалап құйды да кетті. Мен тілек тілейін деп әуеге қолымды жая бергенімде, тура бір қолыма түскендей, дәл қасымнан найзағай жарқ ете түсті. Қолымды дереу жинап ала қойдым. Қайта жайып едім, найзағай қайта жарқ ете қалды. Жер, үсті-басым бәрі малмандай су. Оның үстіне энергиясы бар қолымды ашық жайғанда найзағай тартып тұрғанын түсіндім. Тамылжыған тамыз айы болғанына қарамастан, нөсердің соңы қатты желмен бұршаққа ұласты. Мен өмірімде мұндай үлкен бұршақты көрмеппін. Қатты желмен келіп ұрғанда денеге тікенектей қадалып, тесіп жібере жаздайды. Киік құмалағындай бұршақ тиген жерін дыз еткізеді. Біз тездетіп тілегімізді тілеп, төменге түсуге асықтық. Ал бізден кейін көтерілген кішкентай екі бала ерткен бір еркек пен әйел тау басында қалды. Біз «Әулиетауда 2-3 сағат боламыз» деп есептегенбіз. Өкінішке орай, жарты-ақ сағат болдық. Сай-саланың бойымен жоғарыдан төменге қарай сарылдап аққан жаңбыр суы табанды тас үстінде тұрғызар емес. Екі жарым сағатта зорға көтерілген Әулиетаудан жанталаса жүгіріп, 40 минутта етекке түстік. Оның үстіне аяғымыз, үстіміз шылқыған су. Біз төменге түскенде түк болмағандай бәрі сап басылып, аспан ашылып, күн жадырап сала берді. Бәрі – адам айтса сенгісіз қиял-ғажайып дүниелер. Бізді ертіп апарған ұлытаулық Сағдат та «өмірімде тамыз айында мұндай бұршақ жауғанын көрмеппін» дейді таңданысын жасырмай.

Әулиетауға көтеріліп бара жатқанымызда тау етегінде жас балалары бар бірнеше адам жүр екен. Сірә, тауға шыға алмайтын болған соң тілегін тілеп, етекте қалғандар болса керек. Астана, Қарағанды қалаларынан келгендерін айтты. Бәрі – ерекше иманды, жүректері мейірімге толы, қайырымды адамдар. Бір-бірімен амандасып, жөн сұрасып, «тілектеріңізді Алла қабылдасын!» деп тілектес болып жатыр. Олар да үсті-басы су болған екен. Оларды машинаға отырғызып алып, үйлеріне жеткізіп салдық. Кілең жүздерінен шуақ төгілген мейірімді жандар екен. Солармен де бірге туған бауырдай болып кеттік. «Шіркін, Әулиетау басында ғана емес, бүкіл адамзат баласы үнемі осындай бір-біріне бауырмал, мейірімді болса ғой!» деп армандадым. Мүмкін ол үшін бүкіл адамзат баласы Ұлытауда тұруы керек шығар. Ең болмағанда ұлтына, наным-сеніміне қарамастан, кез-келген адам мейірімді сезініп, ықыласқа бөленіп, арман-тілегін Аллаға жеткізіп, жүрегіне иман келтіріп, өзінің шексіз мүмкіндігін танып, Жаратқанның шексіз құдіретін көру үшін бір рет болсын Әулиетауға келу керектігіне көз жеткіздік. Әулиетаудың рухы – асатаяқты атаның «енді үш жылдан кейін келесің» деген сөзі құлағымнан кетер емес. «Қайта айналып 2024 жылы келгенше қош бол, қасиетіңнен айналайын Ұлытауым!» деп кешкі пойызға отырып, елге оралдық».

Халық емшісі Айсұлудың айтқандарынан көп нәрсені аңғаруға болады. Қасиетті Құрандағы Фуссиләт сүресінің, 44-аятында «Бұл Құран – иман келтіргендерге бір тура жол және шипа» делінген екен.

Ендеше, қасиетті Әулиетау да – жиғанынан иманын жоғары қоятын әр пенденің тәу етер екінші Меккесі!

Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,

ақын, өлкетанушы