ДАИШ ұйымы дін қағидаларын қалай бұрмалап отыр?

Әлемдік діндердің барлығы, соның ішінде әсіресе ислам діні адамзатқа ізгілікті, адамгершілікті, өзара кешірімділік пен мейірімділікті насихаттайды. Мұны исламның қасиетті қайнар көздері саналатын Құран аяттары мен хадис мәтіндерінен, дін ғалымдары мен ағартушыларының еңбектерінен айқын көруге болады. Онда Жаратушы адам баласына діни-моральдық қағидаттарды ұстанумен қатар, шариғатты – діни-құқықтық нормаларды орындау керектігі жайында жазған.

Қоғамдық қатынастардағы маңызды мәселелерде адам мүддесін қорғау – ислами құқықтық жүйенің басты мақсаты. Шариғи заңдардың барлығы жалпылай алғанда әрбір мұсылманшылықты ұстанушы адам өмірінің бес қажеттілігіне қауіпсіздік кепілдігін береді. Шариғат үкімдерінің негізгі мақсаттарына қоғам және адам үшін аса қажетті келесідей бес құндылық жатады:

1) Дінді қорғау;

2) Ақылды қорғау;

3) Жанды қорғау;

4) Мал-мүлікті қорғау;

5) Адал ұрпақ пен ар-намысты қорғау.

Исламды ұстанған ешбір мұсылман басқа мұсылманның жеке өміріне рұқсатсыз қол сұғып, жазықсыз жанын қиып, заңсыз дүние-мүлкін тәркілеп, дінін ауыстыруға мәжбүрлей алмайды. Сондықтан да ислам атын жамылған «ДАИШ» немесе «Ан-нусра» (Қазақстанда тыйым салынған) секілді террористік ұйымдар өзінің теріс пиғылдарын жүзеге асыру барысында қастандық әрекеттерін әділетті етіп көрсету үшін алдымен қарсыластарына «тәкфір» жариялап, оларды «дін дұшпандары» деп көрсетуге тырысады.

Араб тілінде «тәкфір» сөзі «біреуді дінсіздікпен, дінінен шығумен айыптау» мағынасындағы «кәфара» етістігінен шыққан. «Тәкфір» идеясыбарлық дін атын бүркенген экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдардың идеологиялық негіздерінде кездеседі. Оның ықпалына түскен адам айналасындағылардың барлығын, тіпті ең жақын туған-туыстарын ұстанымдарына қарамай дәйексіз түрде «дінсіз», «діннен шыққан» деп жаппай айыптауға бейім тұрады.

Тәкфіршілік көзқарасты ұстанғандар діни негізде отбасынан, қоғамынан, әрмен қарай мемлекетінен оқшаулана түсіп, зайырлылық және басқа конфессияларға қатысты барлық нышандарға төзімсіздік танытып, көбіне радикалды, экстремистік, террористік ағымдардың қатарына қосылады.

Тарих сахнасында исламдағы қағидаттарды бұрмалап, діндарларды күпірлікпен айыптау тәжірибесін алғашқы рет халифа Әли ибн Әбу Талибке қарсы көтерілісті ұйымдастырған харижилер қолданған. Харижилер (араб тілінен аударғанда – «бөлініп шығушылар», «тастап кетушілер») мұсылмандардан бөлініп шыққан ислам тарихындағы тұңғыш діни-саяси топ. Олар мұсылмандар арасында бүліктердің таралу кезеңінде 657 жылы орын алған  Сыффин соғысының нәтижесінде пайда болған. Ол уақытта халиф Али ибн Абу Талиб пен Муавия ибн Абу Суфьян (661 ж. Омеядтар әулетінің негізін салушы) арасында бітім жасалған соң, 12 мың жауынгер халифтың әскерінен бөлініп шығып, мемлекет басшысына қарсы көтеріліске шықты. Сонымен бірге харижилер алғашқы болып ислам тарихында саяси негізде қастандықпен кісі өлтіруді жүзеге асырды.

Ислам шариғаты пайдалы және зиянды істердің аражігін ажыратып, жақсысына жақын, жаманынан алшақ болуға үндейді. Мұны исламдағы «амру биль-мағруф уа наһи ъаниль-мункар» (ізгілікке шақыру, жамандықтан тыю) қағидатынан-ақ білуге болады. Құранның «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыйатын, сондай-ақ Аллаға сенетін қайырлы бір үммет болып шығарылдыңдар» («Әлі Имран» сүресі, 110-аят) деген аятының мазмұны осыны айғақтайды.

Аудандық ішкі саясат бөлімі.