Ұлытау ұлықтайды…
Қиын-қыстау заманда ауылдастарын тары егіп, ашаршылық қыспағынан құтқарып қалған Үңгітбай ШОРАҒАЙТЕГІНІҢ рухына
Бастаса болашаққа анық қадам –
Ел ел ме Ер есімін танытпаған?!
Куәсі кешегі өткен күндерімнің –
Жаратқан. Киелі елім. Жарқын далам.
Бақ жанбай, бодандықта боздап елім,
Ерлерім «елім» деген – боздақ едің.
Өзі тапқан нанын өзге тартып жеген
Мен неткен сормаңдай ем, сорбақ едім?!
Өткізген елміз бастан зобалаңды –
Тасбауыр тағдыр талай тонағанды.
Ес кетіп, есеңгіреп жүрген елге
Жаратқан жар боп өзі қарағанды.
Арқалы ел азса да, жасымаған,
Өзгенің несібесін тасымаған.
Еңбегімен егін сап, малын бағып,
Күндерін көріп, өзін асыраған.
Ел болдық егеменді, таңы – азат,
Көгінен нұр шашылған, таңы – ғажап!
Аузынан аждаһаның аман қалған,
Рухы өшпес халықпыз, жаны – Қазақ!
Өткен күнді еске алдыр, таныт, бабам,
Ел аузында бәрі де – анық маған.
Айбынды азаматтар арқасында
Қалың ел ешнәрседен тарықпаған.
Ұқсатып бар тапқанын саған қолдан,
Тарысы, талқанымен тағам болған.
Үңгітбай атамыздың арқасында
Ағайын ашықпаған, аман қалған.
Егінін еңбектеніп еге білген –
Татымды тары дәнін себе білген.
Бас болып, елін-жұртын ұйыстырып,
Қиын күндер сынағын жеңе білген.
Ежелден елім ұйып – Ұлыс болған,
Шаруасы шалыс түспей, дұрыс болған
Ақшиде – атамыздың «қолтаңбасы» –
Бойына Бұлантының ырыс қонған.
Толтырып ел қамбасын астығыңмен,
Беделің тым биікке асты білем.
Жанғаны еңбегіңнің осы болар –
Аймағың да гүлденіп, ашты рең.
Шықпасы анық, әсте, шаппай дүбір –
Есімің ел есінде жаттаулы тұр.
ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің
Тапсырған марапаты сақтаулы тұр.
Жарасар десек, Сізді – «шойын» адам,
Егін салып, өсірген қойын аман.
Атамызға «Құрметті» атақ беріп,
Кезінде Мәскеу де өзі мойындаған.
Өткенге десем «қандай сұрағың бар?»,
Үңілсең үмітіне сыр ағылар:
Үңгітбай ата, шын бақыттысыз –
Артыңда өнегелі ұрпағың бар.
Ұрпағың бар іздейтін есіне алып,
Уақыт шіркін зулайды көшіп-ағып,
Бір-ақ нәрсе түйгенім бұл өмірден –
Өткен күннен жетіп тұр несібе анық.
Біз бүгін асыл Ерді еске аламыз,
Сізге – көше, осында көш бабамыз!
Ұлытау ұлықтайды Үңгітбайын,
Бұл – Сіздің өз еліңіз, өз далаңыз!
Жаңалық естен кетпес елде бүгін,
Шаттанып, қуан, досым, сен де бүгін.
Жасай бер, Қазақстан – Отан-Анам,
Даңқы арта берсін Ерлерімнің!
Жұмағали КЕНЖАЛИН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.