Декреттік төлемнің шекті мөлшері 770 мың теңгеге дейін өседі
Қазақстанда жұмыс істейтін әйелдер жүктілік пен босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алуға құқылы.

Төлем мөлшері декретке шыққанға дейінгі соңғы 12 айдағы орташа табыс пен еңбекке жарамсыздық күндерінің санына қарай есептеледі. 2026 жылы есепке алынатын айлық табыстың ең жоғары шегі 595 мың теңге (7 ЕТЖ) болса, 2027 жылы бұл көрсеткіш 770 мың теңгеге дейін өседі.
Қалыпты босану кезінде төлем 126 күнге, ал босану асқынған немесе егіз және одан көп бала туған жағдайда 140 күнге есептеледі. Босанғаннан кейін асқыну болып, еңбекке жарамсыздық парағы тағы 14 күнге ұзартылса, төлем автоматты түрде қайта есептеледі.
Әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын және өздері үшін әлеуметтік аударымдар төленген әйелдер ала алады. Өтінішті еңбекке жарамсыздық парағы берілген күннен бастап 12 ай ішінде тапсыру қажет.
Сонымен қатар жұмыс беруші еңбек немесе ұжымдық шартта көзделсе, әлеуметтік төлем мен әйелдің орташа жалақысы арасындағы айырманы қосымша өтей алады.
